Павлодар криминалистері сот-медициналық куәландыру бойынша оқудан өтті
Курсқа облыстың қала және аудандық бөлімшелерінен 40 криминалист қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік сот сараптамалары институтының мамандары облыстық полиция департаменті криминалистеріне арналған «Тірі адамдарды сот-медициналық куәландыру» тақырыбында оқу курсын ұйымдастырды.
– Оқытуға облыстың қала және аудандық жедел-криминалистикалық бөлімшелерінен 40 қызметкер қатысты. Курс барысында тірі адамдарды сот-медициналық куәландыру жүргізудің өзекті мәселелері, дене жарақаттарын тіркеу тәртібі және ведомствоаралық өзара іс-қимыл ерекшеліктері қарастырылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Курс қорытындысы бойынша криминалистерге сертификаттарды облыстық ПД бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов пен өңірлік сот сараптамалары институты директоры Бекзат Айтказин табыстады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту шаралары криминалистердің кәсіби деңгейін арттыруға және тергеу әрекеттерінің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді.