Павлодар облысының мешіттері көрші өңірге гуманитарлық көмек жинап жатыр
Бұған дейін діни қызметкерлер Атырауда болған су тасқынынан зардап шеккендерге үш миллион теңге жинаған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ақмешіт» мешітінің наиб – имамы Қанат Тілеубаевтың сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен өңірлер үшін көмек жұмаға дейін жиналады. Сенбіде Петропавл қаласына азық-түлік пен қажетті заттармен тиелген бір жүк көлігі аттанады.
– Барша аудан мешіттері өзінің үлесін қосып жатыр. Қолдан келгенше зардап шеккендерге қол ұшымызды берейік деп шештік,– деді наиб-имам.
Оның сөзінше, жуырда төрт жүк көлігі әртүрлі аймақтарға жөнелтілді. Демеушілер өздерінің есімдерін жариялағысы келмейді. Бір жүк көлігі Атырауға, екеуі Қостанайға, тағы біреуі Ақтоғай ауданына кетті. Сондай-ақ, кейбір тұрғындар гуманитарлық көмек жинап, екі «ГАЗельмен» су басқан аймақтарға өз бетінше жеткізді.