Павлодардағы күйдірілген мұнай кокс зауыты қалай жұмыс істейді?

Газды тазарту арқылы зауытта құрамында гипсі бар қосалқы өнім де шығарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«УПНК-ПВ» ЖШС – Павлодар қаласындағы күйдірілген мұнай коксын өндіру бойынша тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорын. Ұйым өнімдерінің бірінші партиясы 2015 жылы шығарылды. Осы уақыт ішінде зауыт серіктестеріне 800 мың тоннадан астам күйдірілген мұнай коксын өндіріп, жөнелтті.
Зауыттың жетістігі бірден бірнеше негізгі факторлармен қамтамасыз етіледі. Біріншіден, бұл қолайлы географиялық орын. Өндіріс орны шикізат көзі, яғни Павлодар мұнай-химия зауытының жанында орналасқан. Ал өңірдің дамыған көлік инфрақұрылымы, атап айтқанда теміржол және автомобиль жолдары логистиканы жылдам әрі сенімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Пештегі жылудың негізгі көзі қыздыру нәтижесінде кокстан бөлінетін ұшпа заттардың жануы болып табылады. Осылайша, ұшпа заттардың жануынан пештегі температура 1300–1350 градус Цельсийге жетеді, бұл кезде коксты күйдіру процесі жүреді. Бұл технология кәсіпорынға жылына шамамен 180 мың тонна күйдірілген кокс өндіруге мүмкіндік береді.
Өндіріс көлемінің өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жоғары білікті кадрлар. Зауытта тұрақты түрде кәсіби біліктілігін арттыратын 400-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Мысалы, Торайғыров университетінде мамандығы бойынша магистратураны бітірген Ержан қазір цех меңгерушісі болып, айына 800 мың теңге жалақы алады.
– Көбісі сұрайды: неге кейбір адамдар жоғары жалақыға қол жеткізе алмайды. Жалақы үш нәрседен белгіленеді: біріншіден, сіздің біліміңізге, екіншіден, тәжірибеге, үшіншіден сізге артылған жауапкершілікке сәйкес. Осы үш нәрсенің қаншалықты жоғары болса, жалақыңыз да соншалықты жоғары болады, – деп түсіндірді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Сонымен қатар, зауыт газды кәдеге жарату және тазарту жүйесінің арқасында құрамында гипсі бар қосымша өнім шығаруда. Қазіргі заманғы газ тазалау қондырғылары кемінде 90,9 пайызды тазарту тиімділігін қамтамасыз етеді. Күкірттен тазарту процесі кезінде алынған компоненттер де қайта өңделеді.
Бүгінгі таңда «УПНК-ПВ» ЖШС күйдірілген мұнай коксын қазақстандық тұтынушыларға жеткізгенімен, Қытайға, Ресейге және басқа елдерге экспорттайды.
Фото: Константин Шелков