Павлодар жаңа халықаралық көлік бағыттарын дамытуда
Облыс әкімі Асайын Байханов Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Облыс әкімі Павлодар облысының көлік-логистикалық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, тиімді географиялық орналасуы, Ресей Федерациясымен 700 шақырымнан асатын мемлекеттік шекарасы және заманауи көлік инфрақұрылымының дамуы өңірді Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айналдырып отырғанын атап өтті.
– Біз Павлодар мен Омбы облыстары арасындағы көпжылдық достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бізді Новосібір облысы және Алтай өлкесімен де осындай берік әріптестік байланыстар біріктіреді, – деді Асайын Байханов.
Бүгінде Павлодар облысы Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің жеті пайызын өндіреді. Өңірде еліміздегі алюминийдің 100 пайыз, көмірдің 60 пайыз, ферроқорытпаның 58 пайыз және электр энергиясының 40 пайыз өндіріледі. Осылайша облыс республиканың ірі индустриялық өңірлерінің бірі ретіндегі мәртебесін сақтап келеді.

Өңір басшысы халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударды. Өзен логистикасының тиімділігін арттыру мақсатында Павлодар өзен портында қосымша айлақтың құрылысы аяқталды. Ертіс өзенінде көлемі 1,2 миллион текше метрден асатын түбін тереңдету жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна» автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы күзде республикалық маңызы бар «Қызылорда-Павлодар-Успенка-Ресей Федерациясының шекарасы» автокөлік жолындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірді ашу жоспарлануда. Бұл жоба жүк көліктерінің жүру бағытын 60 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Қосақ», «Шарбақты» және «Үрлітүп» халықаралық автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Басым бағыттардың бірі – авиациялық инфрақұрылымды дамыту. Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін, биылғы қыркүйекте Омбы-Павлодар-Ташкент және Новосібір-Павлодар-Ташкент бағыттары бойынша халықаралық транзиттік әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр.
Асайын Байханов пленарлық отырысқа қатысушыларды биыл Павлодар қаласында өтетін «Ертіс – достық өзені, даму өзені» халықаралық форумына шақырды. Оның айтуынша, бұл форум Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы тату көршілік қатынастарды нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және бірлескен жобаларды іске асыруға арналған жаңа алаңға айналады.

Сонымен қатар, форумның іскерлік бағдарламасы аясында Павлодар облысының өкілдері тақырыптық панельдік сессияларға қатысып, халықаралық кооперация мәселелері, көлік дәліздері мен инфрақұрылымдық жобаларды, су көлігі бағыттарын дамыту, Ертіс өзеніндегі экологиялық әріптестікті нығайту және екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелерін талқылады.