Павлодар маңындағы ауылда мәдениет үйі ашылды
Нысанға Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың есімі берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодарское ауылының ақсақалдары мен тұрғындары бірден екі мерекені атап өтті – жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылуы мен Республика күні. Шараға облыс әкімі қатысып, мерекемен құттықтады.
– Қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың атымен аталған мәдениет шаңырағының тұсаукесеріне жиналдық. Жаңа мәдениет үйі бүкіл ауылдың дамып, өсуіне жол ашатын және тұрғындар сүйіп, жиналатын жерге айналатынына сенімдімін. Қай халықтың мәдениеті биік болса, сол халықтың рухы да жоғары, сондықтан рухани орталықтың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Мәдениет шаңырағы халықтың игілігіне болсын, ағайын!– деді Асайын Байханов.
Павлодар ауылының тұрғыны Зейнел Қамаров мәдениет үйін көп жылдар бойы тосып жүргенін айтады.
– Мәдениет үйіне Роза Бағланова апамыздың аты беріліп отыр. Ол да бізге бір қуаныш. Бұл күнді көп күттік. Бір туған баланың азаматтық шағына дейін өсіп жеткен уақыт та өтті. Бұл үй жастардың спортпен, шығармашылықпен айналысатын қолайлы жер екен, – деді ақсақал.
Жаңа мәдени ошақтың жалпы ауданы – 1487 шаршы метр. Мекеме заманауи құрылғылармен жабдықталған. Оның ішінде концерт көруге болатын 300 орындық көрермен залы бар. Одан бөлек хореография, музыка және үйірмелерге арналған залдар ашылған. Кітапсүйер қауымы үшін кітапхана ашық. Ол жерде 12 мыңға жуық кітап сақтаулы тұр.
– Бұрын үйірмелер тек мектепте ғана болатын. Енді жаңа мәдениет үйінде домбыра, ән, қолданбалы өнер, би, гитарада ойнау, театр студиясы деген сияқты үйірмелер жұмыс істейтін болады. Үлкендер үшін хор құрылған, – деді мәдениет үйінің басшысы Ирина Прокопьева.
Оның сөзінше, алдағы уақытта жастар үшін би кештері, ал қариялар үшін дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлар отыр.
– Ауылда 30 жыл бұрын мәдениет үйі болған, алайда ол жанып кетті. Енді дәл сол жерде жаңадан ғимарат тұрғызылып, халыққа беріліп жатыр. Мәдениет үйінің құрылысы екі жыл бұрын басталып, биылғы жылдың мамыр айында аяқталды, – деді ол.
Екінші қабатта проекциялық және радио түйін орналасқан. Аталған жерде дыбыстық және проекциялық жүйелерге, сондай-ақ сахналық жарықтандыру жүйелеріне қызмет көрсетуге және басқаруға арналған.
Айта кетейік, ғимарат «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысындағы жол картасы шеңберінде салынған.