Павлодар мен Ақсуда байланыс сапасы артады

Павлодар мен Ақсуда байланыс сапасы артады
Константин Шелковтың фотосы

Жаңа базалық станциялар орнатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы  Ағыбай Әміриннің айтуынша, 2024 жылы өңірге Мемлекеттік радиожиілік қызметі арнайы келіп, интернет пен мобильді байланыс сапасы төмен аймақтарды анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Тексеру нәтижесінде облыс аумағында 10 проблемалық аймақ тіркелді. Оның ішінде жеті нүкте Павлодар қаласында, ал үш нүкте Ақсу қаласында орналасқан.

Атап айтқанда, Павлодар қаласында Сәтбаев көшесі, 253, Катаев көшесі, №36, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Айманов көшесі, Химгородок аумағында, Ақсуда қала кіреберісінде жанармай бекеті маңында, Қамзин көшесі 26 үй және «Караван» шағын ауданында базалық станциялар орнатылады.

Ал жоспардағы қосымша нүктелер Павлодар қаласында Экибастузская, Будчанов – Жилстрой ауданы және Назарбаев даңғылы – Ладожская көшесі қиылысында болмақ.

– Ауа райының қолайсыздығына байланысты біз қай күні аяқталатынын хабарлай алмаймыз. Барлық учаскелерде инженерлік желілердің өту аумақтары нақтыланып, операторлармен және табиғи монополия субъектілерімен келісімдер жасалды, – деді Ағыбай Әмірин.

Оның сөзінше, «Beeline» байланыс операторы қазіргі таңда арнайы «қос мақсаттағы тіректерді» дайындауға тапсырыс берген. Мұндай заманауи тіректерге бір уақытта жарық шамдары, бейнебақылау камералары, сондай-ақ базалық станция жабдықтары орнатылады.

Қазіргі таңда Павлодар мен Ақсудағы жер телімдері рәсімделіп, монтаждау жұмыстары басталып кетті. Жаңа базалық станциялар іске қосылған соң, байланыс пен интернет сапасы айтарлықтай артады.