Шіріген жеміс: Павлодар облысының лагерьлерінде бұзушылықтар анықталды
Демалыс орындарында шіріген жемістер мен көкөністер табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бас прокурордың тапсырмасы бойынша елдің барлық лагерьлерінде прокурорлық тексеріс өтіп жатыр. Павлодар облысының прокуратурасы Ұлттық комиссия мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе 11 лагерьде кешенді тексерулер жүргізді. Оның тоғызы – мемлекеттік, екеуі – жеке меншік.
– Алдын ала тексеру нәтижелері бойынша заңнама талаптарын бұзатын көптеген бұзушылықтар анықталды. Облыстың 11 балалар лагерінде санитарлық нормалар және өрт қауіпсіздігі бойынша ережелер бұзылған, – деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінде.
Мәселен, балалар лагерінің кейбір қоймаларында мерзімі өткен тамақ пен дәрі-дәрмек, шіріп жатқан жемістер мен көкөністер табылды.
– Жеке лагерьлерде алкогольдік ішімдіктердің бөтелкелері табылды. Бір лагерьде жүрген қаңғыбас мал балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді, – делінген хабарламада.
Жалпы лагерьлердің материалдық жабдықталуының жағдайы нашар. Санитарлық тораптардың, душ кабиналарының, матрацтардың, кереуеттер мен шкафтардың тозуы байқалады.
Тексерулер жалғасуда, барлық анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалаудың тиісті шаралары қабылданатын болады.