Ақсу қаласына қарасты Ребровка ауылында бір гектар да жайылымдық жер қалмаған
Ауылдың айналасындағы жайылым шаруа қожалықтарына жалға берілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылдық округінің Жолқұдық, Ребровка, Қаракөл ауылдарының тұрғындары ҚР Президентіне бейне өтініш жолдап, жайылымдық жер қалмағанына шағымданған болатын.
Мәселе бойынша Ребровка ауылының айналасында жайылымдық жер қалмаған. Елді мекенге тиесілі 1200 гектардан астам жерді 2018 жылы «Кронос Павлодар» ЖШС конкурс бойынша келісімшартпен жалға алған. Бұл жерде тауарлы сүт фермасы салынуда.
Бүгін ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов аталған жерді жалға беруге қатысты тексеру жүргізілгенін айтты.
– Елді мекенге тиесілі 966 және 256 гектарды құрайтын жер телімдері қалай беріліп кеткенін білмеймін. Алайда, ол кезде елді мекенге тиесілі жайылымдық жерді шаруа қожалықтарына беруге болмайды деген заң нормасы болмаған. Қазіргі уақытта «Колос» ШҚ басшысы өтінішімен жердің берілуінің заңды екені тексерілді. Жер ресурстары департаменті жалға беру келісімшартын бұзуға ұсыныс берді, – деді Нұрлан Дүйсенбинов.
Қала әкімі қазір бұл мәселеге қатысты жедел ешқандай шара қолданылмайтынын атап өтті. Оған қоса, инвестор салып жатқан ферманың құрылысын тоқтатпайтынын айтты.
– Ауылдың жерін жалға бермеу заң нормасы 2022 жылы шыққан. Ал, инвестор жерді жалға алған кезде ол норма болмаған. Сондықтан келісімшартты бұзса, инвестор сотқа шағымдана алады. Өйткені ол сол жерге шығындалып қойды. Біз қазір ауылда түгендеу жүргізіп жатырмыз. База бойынша нақты кімде қанша малы бар, қанша жері бар дегенді анықтаймыз. Сол кезде жер қалай бөлінуі керектігін түсінеміз, – деді Нұрлан Дүйсенбинов.
Бүгінде Ребровка ауылында 85 сиыр, 500-ге жуық қой, 250-ге жуық жылқы бар. Ауылда 176 адам тұрады. Тұрғындар қазіргі уақытта малдарын «Кронос Павлодар» ЖШС тиесілі 400 га және «Халжимуратов» ШҚ-ға тиесілі 900 га жерде бағып жүр.
Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбек Әбішев құжат бойынша Ребровка ауылының айналасында бірде-бір гектар жайылымдық жер қалмағанын айтты. Қазір мал басы бойынша ауыл тұрғындарына 800 га жайылым қажет.
– Қазір жерді жалға алушы 400 гектар жерді қайтарып беруге келісіп тұр. Одан бөлек, ауылдан шалғайдағы жайылымдық 800 гектар жер бар. Соны тұрғындарға ұсынып отырмыз, – деді Нұрбек Әбішев.
Қала әкімі мәселені түбегейлі және заң бойынша шешуге уақыт қажет екенін айтты.
Сонымен қатар, ол маңға инвесторды да тарту керек екенін атап өтті. Өйткені Ребровканың қасындағы Қызылжар ауылында «Қызылжар-құс» фабрикасы жабылып қалған. Ондағы 210 жұмыс орны да жабылды. Енді мына инвестор ферманың жобасын аяқтаса, жаңадан 160 жұмыс орнын ашады. Жоспар бойынша ол 22 пәтерлі үй салып, ауылды дамыту көзделген.
Фото: ашық дереккөздерден