Павлодар мен Ақсуда бос орындарға жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен

Павлодар мен Ақсуда бос орындарға жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен
Фото:pixabay.com

«10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» көрсеткішін орындау 84,8% құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті. Оның сөзінше, тоғыз айдың ішінде өңірде 23 мың адам жұмысқа орналастырылды. Бұл жоспардың 86,3%-ын құрайды.

– Екінші тоқсанға қарағанда оң динамика байқалады. Үшінші тоқсанда 11 жарым мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Тұрақты жұмыс орындарының үлесі жалпы көрсеткіштен 81 пайызын құрайды, – деді Альмира Дисюпова. 

«10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» бойынша 6303 жаңа жұмыс орны құрылды. Көрсеткішті 100 пайыз орындау жағынан Ақтоғай мен Ертіс ауданы көш бастап тұр. Төмен көрсеткіштер Павлодар, Ақсу қалалары және Баянауыл мен Май аудандарында байқалады. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі», кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тұжырымдамасы, құрылыс, көлік және жолдар бойынша жобалар бойынша көрсеткіштер толық орындалды. Облыстық деңгейден төмен көрсеткіштер денсаулық сақтау, спорт және білім басқармалар жобаларында байқалады.

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар мен Ақсу қалаларында бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасу көрсеткішінің төмендеуіне, сондай-ақ, білім берудің инфрақұрылымдық жобаларында жұмысқа орналасудың төмен пайызына назар аударды.

– Жалпы, бұл салаға өте жоғары назар аудару керек. Халықты жұмыспен қамту – толықтай біздің бірінші қатарда тұрған міндеттеріміздің бірі. Сондықтан бәріміз осы бағыта жұмысты күшейтейік, – деді аймақ басшысы. 

Альмира Дисюпова жылдық жоспардың орындалуына тәуекелдер жоқ екенін жеткізді. 

– Есептік кезеңге арналған жоспар 75 пайызды құрайды, ал облыстың барлық өңірлері 80 пайыз деңгейіне жетті,– деді ол. 

Бос жұмыс орындарына 8186 адам жұмысқа орналастырылды. Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар шеңберінде 1144 адам жобаға тартылды, жылдық жоспардың 78 пайызы орындалды. Оның ішінде 440 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 6946 адам жұмысқа тартылып, жоспардан 104 пайызы орындалды.

Асайын Байханов 15 желтоқсанға дейін  «2024 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасының» жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.