Павлодар облысы ауылдарында Ұлттық жоба жүзеге асырылуда

Павлодар облысы ауылдарында Ұлттық жоба жүзеге асырылуда
Фото: Константин Шелков

Соның арқасында жер-жерлерде денсаулық сақтау мәселесі күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдар және инновациялық технологияларды стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Арман Исақаев хабарлады. Айтуынша, өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» атты пилоттық Ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.

Жоба аясында ауыл аймақты жаңа медициналық мекемелермен қамту, тұрғындарға уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету және ауылдық денсаулық сақтау мекемелерінің кадрлық әлеуетін нығайту қолға алынуда.

- Жобаға аймақта 30 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысанын – медициналық орталықтарды, фельдшерлік-акушерлік пункттерді және дәрігерлік амбулаторияларды салу кіреді. Осы жоба аясында қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде жалпы құны 4,8 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстары аяқталуда. Оның тоғызы ескірген ғимараттарды алмастырса, 21-і бұрын медициналық ұйым жалға алынған елді мекендерде салынды, - дейді Арман Исақаев.

Қазіргі кезде 30 ғимараттың 24-і пайдалануға берілді. Онда тұрғындарға көмек көрсетіле бастады. Қалған алтауы – Тереңкөл ауданындағы Ивановка, Ертіс ауданындағы Ленино, Екібастұз маңындағы Бәйет, Ақсу маңындағы Құркөл мен Үштерек және Железин ауданындағы Мыңкөл ауылдарындағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін тәмам болады. Айта кетейік, 30 медмекеменің ең көбі – алтауы Аққулы және Ақсу ауылдық аймағында пайда болады. 

Арман Исақаевтың сөзіне қарағанда, кейбір ауылдардағы құрылыс жұмыстарының кешігуі мердігер ұйымдарының жауапсыздығынан және көбінде-көп құрылыс материалдары мен аса күрделі медициналық жабдықтардың уақытында жеткізілмеуі себебінен орын алды. 

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жобасы өзінің соңғы кезеңіне енді. Алдағы айларда Павлодар облысының ауыл тұрғындары жаңа, заманауи медициналық мекемелерге қол жеткізе алады, бұл аймақтағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай жақсартады.