«Таза Қазақстан»: Павлодар облысында тазалыққа қатысты рейдтер күшейтілді
Онда басты назар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болатын аумақтарға аударылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 6247 дерегі тіркелді. Полицейлер «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қоғамдық орындардың ластануына және қоқыстың белгіленбеген жерлерге төгілуіне қарсы рейдтер жүргізіп жатыр.
Рейд барысында тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болатын аумақтарға ерекше назар аударады. Олар тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерлерге тастайтын, сондай-ақ лас суды рұқсат етілмеген орындарға төгетін азаматтарды анықтайды.
Павлодар облысының полиция департаменті осындай құқық бұзушылықтардың бірнеше дерегін мысалға келтірді.
– Мысалы, Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде орналасқан нысандардың бірінің иесі аумақта қоқыстың жиналуына жол берген. Ал Ертіс ауданының Голубовка ауылында бір тұрғын өз ауласының сыртындағы ортақ пайдаланылатын аумаққа күл төккен. Осы деректер бойынша құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар толтырылды, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарап, қоғамдық орындарды ластамауға шақырады. Егер қоқыстың немесе құрылыс қалдықтарының белгіленбеген жерлерге төгілгенін байқаған жағдайда 102 нөміріне хабарлауға шақырады.