«Ауыл – ел бесігі»: Павлодар облысында 200 жоба жүзеге асырылады
Олар өңірдегі инфрақұрылым деңгейін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
– Облыста «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде халық саны 21 мың адамнан асатын 15 ауылды жаңғырту жоспарланған. Бүгінде 9,1 миллиард теңге болатын 56 жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың 12-сі аяқталды, 15-сі аяқталу сатысында, ал қалған 29 жоба жүзеге асырылу кезеңінде тұр, – дейді Ирина Назарчук.
Сонымен қатар, облыста «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды модернизациялау» сияқты ұлттық жобаларға баса назар аударылады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қалалар мен аудан әкімдерінің дербестігін арттыру мақсатында басқару тәсілдері модернизацияланды.
– Биыл жалпы сомасы 7,7 миллиард теңге болатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, балалар және спорт алаңдарын орнату, көшені жарықтандыру, жылу және сумен қамту нысандарын реконструкциялау, саябақтар мен аулаларды абаттандыруға бағытталады, – дейді спикер.
Айта кету керек, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша да ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін және тұратын мамандарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары әзірленді. Тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жалпы сомасы 1,4 миллиард теңге болатын 167 бюджеттік несие беру жоспарланған. Сонымен қатар, 175 миллион теңгенің 442 көтермеақысын үлестіру жоспарланған. Қазіргі уақытта сомасы 411 миллион теңге болатын 53 несие мен 95,3 миллион теңгенің 258 көтермеақысы берілді.