Павлодар облысы майлы дақылдар өндірісін арттыруда

Павлодар облысы майлы дақылдар өндірісін арттыруда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл өңірге көшбасшылық ұстанымдарын сақтап қалуға мүмкіндік беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл өңірдің жалпы егіс алқабы 1 660 мың гектарға жетті. Майлы дақылдар егістігі шамамен екі есеге ұлғайса, картоп алқаптары 25 пайызға артты. Көкөніс пен бақша дақылдары тоғыз мың гектар жерге орналастырылды. Жем-шөптік дақылдар көлемі аздап өскенмен, дәнді дақылдардың алқабы керісінше азайды.

Павлодар облысы елімізде тары, сәбіз және картоп егу бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар, майлы дақылдар егістігі көлемі бойынша республикада 4-орында. Бұл дақылдардың республикалық көлемінің 13 пайызы Павлодар облысына тиесілі.

– Бұрын облыста дәнді дақылдар жақсы дамыды. Қазір біз монодақылдардан бас тартып келеміз. Осыған байланысты майлы дақылдарды көбірек егуге көштік, себебі олардың рентабельдігі жоғары. Олар экспортқа, әсіресе Қытайға жақсы өтеді. Сол себепті майлы дақылдар алқабы жыл сайын ұлғаюда, – деп түсіндірді Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Қаленов.

Оның айтуынша, майлы дақылдарға арналған жеке субсидиялар қарастырылмаған.

Сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін белсенді түрде арттырып жатыр. Бұл өнімділікті арттырып, дақыл сапасын жақсартуға септігін тигізуде. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 65 мың тонна тыңайтқыш енгізілсе, сатып алынған көлемі 99 мың тоннаны құрады – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51 пайызға артық.

Өнімді сақтау мақсатында өңірде сақтау инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыста 153 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қосымша 70 мың тоннаға арналған тағы алты қойма іске қосу жоспарлануда.