Павлодар облысы мен Германия өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Павлодар облысы мен Германия өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты талқылады
ЖИ иллюстрациясы

Неміс делегациясы өңірдегі кәсіпорындарды аралап, бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін қарастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасында Германияның Қазақстандағы елшісінің тұрақты орынбасары Ульрих Киннемен кездесу өтті. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, неміс делегациясы Павлодар облысына төрт күндік жұмыс сапарымен келген. Осы уақыт ішінде қонақтар бірқатар өндіріс орнын аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Ульрих Кинне өңірде өндірісті жаңғыртуға және экспорт көлемін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Германия тарапы әсіресе өнеркәсіптік сүзгілер мен сорғы жабдықтарын жеткізу саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отыр.

– Біз Павлодардың түрлі өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралап, өндірістерді жаңғырту, өндіріс көлемін кеңейту және Еуропалық одақ елдеріне экспортты ұлғайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. «ERG Service» кәсіпорнында болған кезде Еуропаға жүк тасымалдау мәселесі үлкен қиындық тудыратынын білдік, – деді Ульрих Кинне.

Дипломат өңірдегі көптеген кәсіпорынның көмірді пайдаланатынына назар аударды. Осыған байланысты шығарындыларды азайту технологияларын енгізу және Еуропалық одақтың көміртекті реттеу талаптарына бейімделу мәселелері де талқыланды.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды.

– Павлодар облысында өнеркәсіп жақсы дамыған, аграрлық секторы қуатты және географиялық орналасуы тиімді. Сондықтан біз өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, энергетика және заманауи технологияларды енгізу салаларында неміс бизнесімен ынтымақтастық орнатудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз, – деді ол.

Кездесуде көлік және логистика саласындағы әріптестікке де назар аударылды. Айдос Шайхисламның айтуынша, қазір Ертіс өзеніндегі инфрақұрылымды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Өңір осы бағытта халықаралық тәжірибені пайдалануға мүдделі.

Сонымен қатар «Іскерлік байланыстар» бағдарламасының нәтижелері айтылды. Германия тарапы мақұлдаған екі өтінімнің арқасында павлодарлық кәсіпкерлер қабылдаушы тараптың есебінен Германияға барып, тәжірибе алмасқан.

Кездесу барысында «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы фронт-офисінің басшысы Алмаз Акишев неміс делегациясына облыстың инвестициялық ахуалы мен жергілікті бизнеспен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін таныстырды.