Павлодарда кәсіпкерлердің қос көрмесі өтті

Павлодарда кәсіпкерлердің қос көрмесі өтті
Фото: Айбек Жұматов

Олар өздерінің өнімдерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Естай атындағы мәдениет сарайында екі бірдей ірі көрме – «Бір ауыл – бір өнім» және «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауы ұйымдастырылды. 

Іс-шараға облыстың әр түкпірінен 80-ге жуық кәсіпкер қатысты. Олардың ішінде ауылдық жерлерден келген өнім өндірушілер де, өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындар да бар. Мұндай алаң – тек өнім таныстыру ғана емес, өзара тәжірибе алмасу, жаңа нарықтарға шығу, әрі халықпен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі.

Көрмеге келген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әр кәсіпкердің жұмысымен жеке танысып, өнім сапасы мен олардың өндірістік әлеуетіне ерекше назар аударды.

– Әр өнімнің артында – бір түндік ұйқыны төртке бөлген еңбек бар. Бұл жай ғана көрме емес, нағыз еңбектің мерекесі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Ал Павлодар өңірлік кәсіпкерлік палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің сөзінше, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы – ауыл тұрғындарына кәсіп бастауға, өз өнімдерін кең аудиторияға көрсетуге мүмкіндік беретін бастама. Бұл – кәсіпкерлікке енді қадам басқан азаматтар үшін үлкен қолдау.

Ол сонымен қатар, «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысқан кәсіпкерлер арасында авторлық инновациялық жобалар барын ерекше атап өтті. Алғаш рет облыста мобильді бидай кептіргіш құрылғы жасалған.

Мұндай алаңдар – ел экономикасының қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, болашақ кәсіпкерлер үшін шабыт көзі бола алады.