Павлодар облысы көмір өндіру бойынша елімізде бірінші орынды алады
2023 жылғы қаңтар-шілде аралығында 114,8 млрд теңге сомасында тас көмір және лигнит өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, бұл жалпы облыс өнеркәсібі көлемінде 6,6% құрайды.
– Көмір өндіру бойынша Павлодар облысы республикада бірінші орында (39,2 миллион тонна) тұр. Мемлекетіміздің жалпы көмір өндірісіндегі (65 миллион тонна) Павлодар облысының үлесі – 60,3%, келесі кезекте Қарағанды облысы – 31,7% және Абай облысы 6,5% құрады, – деп жазылған хабарламада.
Биылғы жылғы қаңтар-шілдеде көмір және лигнит өндірісіне салынған инвестициялар 19,1 млрд теңге құрады. Бұл – алдыңғы жылғы сәйкес кезең деңгейінен 2,7 есе төмен көрсеткіш.
2023 жылғы қаңтар-маусымда көмір өнеркәсібі жұмысшыларының облыстық орташа айлық еңбекақысы 485512 теңгені құрады. Бұл – республикадан 5,9%-ға (516019 теңге) төмен және облыстың өнеркәсіп саласындағы еңбекақыдан 23,7%-ға жоғары көрсеткіш.
Еске сала кетейік, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салханов елдегі инфляцияның салдарынан қатты отынның құны біршама өсетіні туралы хабарлаған болатын. Бағаны ұстап тұру үшін басқа да көмір кеніштерімен келіссөздер жүргізілуде. Көмір қоймаларында 1,6 миллион тонна көмір мен 15 мың тонна мазут қоры бар. Облыстың қажеттілігі үшін 536 тонна көмір керек. Оның ішінде 350 тоннадан астам халықтың тұтынуына, ал 126 тонна бюджеттік ұйымдарға арналған.
Павлодар қаласында қатты отын сататын негізгі орындар:
«А-Вест Павлодар» — Товарная көшесі, 25.
«Север Энерго Уголь Снаб» ЖШС — Товарная көшесі, 25.
«Элит КЗ» ЖШС — Шығыс өндірістік аймақ көшесі, 2.
«IhsanGroupKz»ЖШС — Жаңаауыл, өзен порты.