Инвестиция ағыны Павлодар облысының өндірістік қуатын еселеді

Инвестиция ағыны Павлодар облысының өндірістік қуатын еселеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір 2026 жылдың алғашқы айын экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасымен бастап, өңдеу өнеркәсібіндегі басымдығын нығайта түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақтық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар 2025 жылғы қаңтарға қарай 6,5%-ға өсіп, 25,97 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өңдеуші секторға бағытталған инвестиция көлемі 7,8 миллиард теңгеге жетті.

Павлодар облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары 1,4% өсіммен 367,5 миллиард теңгеге өнім шығарды. Айта кетерлігі, жалпы өндіріс көлемінің шамамен 54%-ы өңдеу саласына тиесілі болып отыр.

Өңдеу секторындағы көрсеткіштер 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,8%-ға артты. Салалар бөлінісінде ең жоғары өсімді жеңіл өнеркәсіп көрсетіп, өндіріс көлемі 2,4 есеге ұлғайды.

Сонымен қатар дайын металл бұйымдарын өндіру 28,4%-ға, тамақ өнімдері мен фармацевтика салалары 20%-ға, ал химия өнеркәсібі 15,4%-ға өсті. Мұнай өңдеу саласы 3,3%-дық, металлургия 2,3%-дық және құрылыс индустриясы 4,1%-дық тұрақты өсім көрсетіп отыр.