Павлодар облысы сүт өнімдерін тұтыну бойынша жетінші орында
Өңір тұұрғындары орташа есеппен сүт өнімдеріне 16 мың теңгеге жуық қаражат жұмсайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еnergyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру көлемі 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 617,7 млрд теңгені құраған. Бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 пайызға артық.
Өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша сүт өнімдерінің бағасы бір айда 0,7 пайызға өскен.
Бір жыл ішінде сүт 7,4 пайызға қымбаттады. Ашытылған сүт өнімдері 6,9, ірімшік пен сүзбе бағасы 4,7, ал консервіленген сүт 3,5 пайызға өскен.
Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында сүт және сүт өнімдерін тұтыну әрбір қазақстандыққа орта есеппен 173,3 келіні құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,6 пайызға артық.
– Өңірлік бөліністе сүт өнімдерінің басым бөлігі Ақмола облысында тұтынылды: жан басына шаққанда 221,2 келі. Ал Павлодар облысы бұл тізімде жетінші орында – жан басына шаққанда 189,7 келі. Ең аз сүт өнімдерін Шымкент тұрғындары тұтынған: жан басына шаққанда орташа есеппен 116,7 келі ғана, – деп жазылған хабарламада.
2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың сүт өнімдеріне жұмсаған шығыстары 14,6 мың теңгені – барлық тұтыну шығындарының 5,4 пайызын және азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығыстардың 10,8 пайызын құрады.
Сүт өнімдеріне ең көп Алматы және Астана тұрғындары жұмсаған: тиісінше 22,4 мың және 19,2 мың теңге. Сектордағы ең аз шығыстар Түркістан облысына түсті: тек 6,6 мың теңге. Павлодар облысы аталмыш тізімде он бесінші орында – 15,7 мың теңге.