Павлодарлық тұтынушы сапасыз көлік үшін 20 миллион теңге қайтарды
Ол бірнеше ай бойы автосалонмен дауласып, сот арқылы өз құқығын қорғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл іске Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті көмектесті.
– 2023 жылдың 4 желтоқсанында павлодарлық азамат жаңа автокөлік сатып алып, оған 19 190 000 теңге төлеген. Сонымен қатар, көлікке 1 727 100 теңгеге сақтандыру рәсімдеген. Алайда, бірнеше айдан кейін алғашқы техникалық қызмет көрсету барысында қозғалтқыштағы майдың ағып кеткені анықталды. Сервис орталығы көлікті жөндеуге алғанымен, ешқандай ресми құжаттар ұсынбады, – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Тұтынушының құқықтарын қорғау мақсатында департамент сотқа дейінгі шағым дайындауға көмектесіп, ол сотқа жүгінді. Талап-арызды қарау нәтижесінде сот тұтынушының пайдасына 19 190 000 теңге төленген қаражатты, 959 500 теңге мөлшерінде айыппұлды, 62 810 теңге шығынды, 100 000 теңге моральдық зиянды және 203 969 теңге сот шығынын өтеу туралы шешім шығарды. Жалпы өтемақы сомасы 20 516 279 теңгені құрады.
Департамент азаматтарды тұтынушылық құқықтары бұзылған жағдайда E-Otinish жүйесі арқылы немесе +7(7182)55-10-70 нөміріне хабарласу арқылы шағым түсіруге шақырады.