Павлодар облысы– тамаққа ақшаны ең аз жұмсайтын өңір
Қазақстандықтардың барлық шығындардың 52%-ы азық-түлікке кетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2023 жылдың екінші тоқсанында үй шаруашылығының азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығыны 13,9% өсіп, 421,1 мың теңгені құрады. Бұл шығынның азық-түлік тауарларына жұмсалған барлық шығындардағы үлесі 92%, жалпы тұтыну шығынындағы үлесі 52%-ды қамтиды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңде азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығын 369,8 мың теңгені құрап, бір жылда 9,6% көбейген болатын.
Өңірлер бойынша азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға ең көп шығын Түркістан облысының тұрғындары арасында тіркелді: тоқсанына 557,5 мың теңге – бір жыл бұрынғыдан 13,9%-ға артық.
Тамаққа көп ақша жұмсайтын өңірлердің «бестігіне» Маңғыстау, Атырау, Ұлытау, Алматы облыстары кірді. Ал азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға шығындардың жыл сайынғы ең үлкен өсімі Ұлытау облысында, ең аз жұмсайтын өңірге - Павлодар облысы жатады.
Үй шаруашылықтарының азық-түлік және алкогольсіз сусындарға жұмсалған шығынның құрылымында ең көп үлесті (33,4%) ет және ет өнімдері алып отыр: республика бойынша орта есеппен 140,6 мың теңгені құрайды. Екінші орында нан мен жарма өнімдері: 64,5 мың теңге, 15% көбейген. Үштікке сүт өнімдері де кірді. Қазақстандықтар оған 44,7 мың теңге жұмсады, бұл 2022 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 21,4% артық.
Ел тұрғындары жеміске 35,1 мың теңге, көкөніске 34,3 мың теңге, қант, кондитерлік өнімдер мен тәттіге 28,1 мың теңге, май мен тоңмайға 22,7 мың теңге, алкогольсіз сусындар мен балық пен теңіз өнімдерінің әрқайсына 17,6 мың теңге, жұмыртқаға 9,1 мың теңге жұмсады.