Павлодар облысына қатысты тың деректер жарық көрді

Павлодар облысына қатысты тың деректер жарық көрді
Фото: Есенжол Исабек

Жинақтан бұрын жарияланбаған тарихи мәліметтерді оқуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Архившілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова облыстық мұрағатшыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.

–   Облысымыздың архив саласы – жаңа заманауи технологиялармен және әдістермен толыққан ауқымды сала. Өңіріміздің архив мекемелері жыл сайын отыз мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіп, екі жүз елуден астам көрме ашты, шаралар өткізді, – деп Айгүл Мәлікова мұрағатшылардың ауқымды жұмыстарын атап өтті.

Оның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан бері облыстық архив орталығы отызға жуық кітап, құжаттар басып шықан. Сонымен қатар, архив тұтас елдің тарихын сақтаған қастерлі орын болғандықтан, архивтердің материалдық жағдайын жақсарту, іскерлік қабілетін арттыру заман талабы болып саналады. Былтырғы жылы қолға алынған «Архив-2025» жобасы облыстық архив саласының айтарлықтай дамуына өз септігін тигізген.

Облыстық мұрағат басшысының орынбасары Қаражан Татбайдың сөзінше, 2018 жылдан бастап мамандар мұрағаттық деректерді цифрландыруда. Өткен жылдан бері «Архив-2025» жобасы бойынша архив орталығының материалдық-техникалық базасы жаңартылған.

–   30-дан астам лицензияланған бағдарламалық компьютер, жылдамдығы жоғары жеті сканер алып, орталығымыздағы архивтік қорларды сандық форматқа көшіру жұмыстарын атқарып жатырмыз, – деді ол.

Шара барысында «Архив-2025» жобасы бойынша облыстың тарихына қатысты бұрын жарияланбаған «Павлодарское Прииртышье в архивных источниках Казахстана и России. 1832–1917 гг.» атты құжаттар жинағының тұсаукесері болды.

Архив ісі қызметкерлеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Павлодар облысы әкімінің және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Құрмет грамоталары» мен Алғыс хаттары табыс етіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айта кетейік, облыстық архив 1938 жылы Павлодар облысы құрылғаннан кейін пайда болған. Бірақ мұрағат қызметі өз тарихын 1925 жылдан бері жүргізіп келеді. Ал, келесі жылы архив саласының қызмет еткеніне жүз жыл толады. Келесі жылы облыстық архив ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.