Өнер көпірі: Павлодарда халықаралық суретшілер пленэрі бастау алды

Өнер көпірі: Павлодарда халықаралық суретшілер пленэрі бастау алды
Фото:pixabay.com

Бес күндік пленэрге шетелдік суретшілер жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «АРТ-ТӨР 2024» халықаралық пленеэрінің аясында конференция өтті. Іс-шара танымал қылқалам шебері Нағымбек Нұрмұхаммедовтың 100 жылдығына және оның есімімен аталатын Павлодар облыстық көркемсурет музейінің 60 жылдығына арналады. Пленэрдің құрметті қонақтары  суретшінің қызы Мара Нұрмұхаммедова, ресейлік суретші, ЮНЕСКО Суретшілер одағының мүшесі Андрей Блиок, Қырғызстанның халық әртіс Юристанбек Шыгаев, Әзербайжанның халық әртісі Джалал Агаев дөңгелек үстелдің басында жиналып, Нағымбек Нұрмұхаммедов туралы естеліктерімен  бөлісті. 

– Әкем көп саяхатқа шығып, кітаптар мен картиналар жазған. Ол КСРО ескерткіштер жөніндегі комиссия мүшелерінің төрағасының орынбасары және қоғам қайраткері болды. Бұл оңай жұмыс емес. Әкемді әлем адамы десек артық болмас, себебі ол екі ай Алматыда тұрса, бірде Мәскеуге кетіп, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) пен Теміртауда жүріп, теңіздің жағасына жететін. Ол барған жерлерінен этюдтар әкеліп, кейіннен таңғажайып картиналар жазатын,– деді суретшінің қызы Мара Нұрмұхаммедова. 

Әйігілі суретшінің ұрпағы әкесінің уақытты ақыл-оймен пайдаланғанына қайран қалатын. 

– Тәуліктегі 24 сағат екі есе ұзарғандай болып көрінді. Оның өмірінде барлығы ұйымдастырылған, тәртіппен өткен. Мінезінде табандылық көрінетін. Діттеген мақсаттарына әрдайым жететін,– деді Мара Нұрмұхаммедова. 

Ал Нағымбек Нұрмұхамедов оқыған мектепті бітірген ресейлік суретші Андрей Блиок кескіндемешінің өнерін көршілес мемлекетте ұлықтап, жоғары деңгейде бағалайтынын атап өтті. 

– Ол бала кезінен-ақ шығармашылық жолын ересек суретшілер арасында бастаған еді. Көргенін бойына сіңіріп, классикалық кеңестік академиялық кескіндеменің жарқын мысалы болған,– деді Андрей Блиок.– Нағымбек Нұрмұхамедов Ресей Федерациясының өте құрметті және сүйікті суретшісі. Біз оны танимыз, жақсы көреміз. Өнер академиясында, түрлі конференцияларда өнертанушылар оған үнемі сілтеме жасайды. Нұрмұхамедовтың өнері – бізді 20 ғасырда да, 21 ғасырда да байланыстыратын мемлекеттер арасындағы достықтың көпірі.

Конференциядан кейін сағат 15:00-ге дейін облыстық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Өмірбек Жұбаниязовтың шеберлік сабағы пен танымал өнертанушы, «Ұлар» галереясының директоры Юрий Маркович тренингі өтеді. Олар бүгінгі таңдағы бейнелеу өнерінің нарықтық экономикада қандай жағдайда аман қалады дамитынын көрсетеді.  

– Әр суретшінің өзіндік фишкасы бар. Шеберлік сағатта көп жылғы тәжірибенің арқасында жинақталатын элементтермен бөлісемін. Майлы бояумен қандай тәсілдерді қолдануға болатынын айтатын боламын,– деді Өмірбек Жұбаниязов.

Суретшілер ертең Баянауылдың Сабындыкөліне барып, табиғат аясында картиналар жазады. Пленэр бес күнге созылады.