Павлодар облысына бидай әкелген үш жүк көлігі Ресейге қайтарылды
Бақылау бекетінің мамандары жүк тасымалдаушылар арасында фитосанитарлық талаптардың бұзылуын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері Ресей Федерациясынан Павлодар облысына 35,3 мың тонна тағамдық, тоғыз мың тонна тұқымдық бидай әкелінді. Бұл туралы аппарат жиынында облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Шүйкенов мәлім етті.
– Карантинге жатқызылған әкелінетін өнімдер облыстық карантиндік зертханада тексеріледі, – деді спикер. – Жыл басынан бері 1949 карантиндік фитосанитарлық қорытынды шығарылды. Өңделетін өнімдерді тасымалдаған үш жүк көлігі импорттаушы елге қайтарылды.
Жылдың екінші тоқсанында жол полициясымен бірге бидайдың заңсыз әкелінуіне тексеру жүргізілген. Нәтижесінде ешқандай заң бұзушылық анықталмаған.
Тұрақты іс-шаралар мен рейдтердің нәтижелері бойынша Павлодар облысында фитосанитарлық жағдай қолайлы деп айтуға болады.