Павлодар облысына биыл мыңнан астам қандас көшіп келді

Павлодар облысына биыл мыңнан астам қандас көшіп келді
Фото: Константин Шелков

Жалпы өңірге бес жарым мың адам қоныстанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде миграция мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, өңірден 32 мың адам көшіп кетіп, аймаққа 24,5 мың адам көшіп келді. 

– Өзге ұлт өкілдерінің жастары Ресей Федерациясына көшіп жатыр. Басым бөлігі Новосібір, Омск, Томск, Кемерово қалаларында білім алып, кейін сол жерде қалып отыр. Сондай-ақ төмен туу көрсеткіші де бар, – деді Асайын Байханов.

Облыста халықтың 57 пайызы – қазақтар, қалған 43 пайызы басқа ұлттар. Өңірде шамамен 90 ұлт өкілдері тұрады, олардың ішінде облыстық ҚХА филиалында 27 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде.

Сонымен қатар аймақ ел бойынша еңбек тапшылығы бар аймақтардан мамандар тартуда көшбасшы болып саналады. Қазіргі таңда 4 500 бос жұмыс орны бар, оған Кызылорда, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан азаматтарды шақыру жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңірге бес жарым мың адам көшіп келді. Оған қоса мың жарым қандас та облысқа қоныстандырылды.