Павлодар облысында картоптың ерте сұрыптарын жинау басталды
Черноярка картобы астаналықтардың үлкен сұранысына ие болуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының Черноярка ауылдық округінде көкөністің ерте сұрыптарын жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып «Арман» шаруа қожалығы 40 гектарға жуық алқапқа егілген ерте пісетін картопты жинауға кірісті.
Қазір шаруашылықта картоптың он гектарға жуығы жиналды. Орташа өнімділік гектарына шамамен 30 тоннаны құрап отыр. Ал сәбізді жинау жұмыстары әлі басталған жоқ. Ерте жиналған картоп негізінен Астана қаласына жөнелтіледі. Шаруашылық өнімді ірі көлемде сатып алушыларға ғана өткізіп, егіс алқабынан келісі 160 теңгеден сатуда.
Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, мол өнім алуға сапалы тұқым, суармалы егіншілік, минералды тыңайтқыштар және заманауи агротехнологияларды қолдану мүмкіндік берген.
– Көктемгі егіс алдында құрамында 12 пайыз азот, 12 пайыз фосфор және 24 пайыз калий бар ресейлік «Диаммофос» минералды тыңайтқышын пайдаландық. Мемлекет тарапынан тыңайтқыш, суару және жанар-жағармай шығындарына субсидия беріледі. Биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ Павлодар облыстық филиалы арқылы жеті жыл мерзімге лизинг рәсімдеп, құны 200 миллион теңгеден асатын картоп шаруашылығына қажетті техникаларды сатып алдық, – дейді шаруа қожалығының өкілі Арман Ақтаев.
Айта кетелік, шаруашылықта картоптың ерте сұрыптарын жинау жұмыстары тамыз айының соңына дейін жалғасады.