Павлодарлық бишілер Италияда қазақтың ұлттық би өнерін паш етті

Павлодарлық бишілер Италияда қазақтың ұлттық би өнерін паш етті
Фото: Иса Байзақов атындағы облыстық филармониядан

Шетелдіктерді ерекше таң қалдырған «Қаражорға» биі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Шернияз» би ансамблі Италияның Сардиния аралындағы көне Кальяри қаласында өткен «Is Pariglias» 50-ші мерейтойлық халықаралық этникалық би фестивалінде Қазақстанның атынан өнер көрсетті.

Беделді фестивальге әлемнің әр түкпірінен және Италияның көптеген қалаларынан келген шығармашылық ұжымдар қатысты. Бірнеше күнге созылған мәдени шара барысында ашық аспан астындағы концерттер, мерекелік шерулер, шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды.

Павлодарлық өнерпаздар көрермендерге қазақтың ұлттық би өнерін таныстырып, «Қаражорға», «Көңілашар», «Адай» және «Балбраун» билерін орындады. Ұжым ұлттық нақыштағы төрт түрлі концерттік костюммен өнер көрсетті.

«Шернияз» ансамблінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрлан Бековтің айтуынша, фестиваль қатысушыларының ерекше қызығушылығын «Қаражорға» биі тудырған.

– Әрбір ұжымның өзіндік ерекшелігі болды. Әсіресе, Перу мен Боливиядан келген артистердің өнері ерекше әсерге бөледі. Біз қазақ билерін көрсеттік, ал олар өз мәдениетін таныстырды. «Қаражорғаға» бәрі ерекше қызығушылық танытып, би қимылдарын қайталап, негізгі элементтерін үйретуді өтінді, – дейді Нұрлан Беков.

Ансамбль «Қаражорға» биін Кальяри қаласының көне көшелерінде өткен гала-шеру барысында да орындады. Өнерпаздардың айтуынша, қала тұрғындары оларды ерекше ықыласпен қарсы алып, ұзаққа созылған шеруде қол соғып, қошемет көрсеткен.

Фестиваль аясында павлодарлық әртістер Сардинияның тарихи орындарын аралап, Кальяридің сәулет ескерткіштерімен танысты. Сондай-ақ Жерорта теңізінің жағалауында болып, өңірдің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған.

Фестиваль қорытындысында «Шернияз» ансамблінің өнері ұйымдастырушылар мен қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Павлодарлық ұжымға алдағы уақытта басқа мемлекеттерде өтетін халықаралық фестивальдерге қатысуға шақырту түсті.

– Мұндай халықаралық сапарлар біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Облыс әкімдігі, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның қолдауының арқасында қазақ мәдениетін шетелде лайықты деңгейде насихаттауға мүмкіндік алып отырмыз, – деді Нұрлан Беков.

Айта кетейік, «Шернияз» би ансамблі 2009 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде ұжым Франция, Португалия және Ресейде өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық би өнерін халықаралық сахналарда танытып келеді.