Екібастұзда келесі жылы тағы 10 футбол алаңы салынады

Екібастұзда келесі жылы тағы 10 футбол алаңы салынады
Фото: Константин Шелков

Қалада абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеншілер шаһарында биыл облыстық бюджет есебінен 20 жаңа футбол алаңы орнатылуда. Қазір олардың 17-сі дайын болса, қалған үшеуі тамыздың ортасына дейін пайдалануға беріледі.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байхановтың шаһардағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысуы кезінде айтылды.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, бүгінде 50 балалар ойын алаңын орнату жобасы жүзеге асырылып жатыр.

– Қазір 10 кешен толық дайын. Қалған 40 алаңда негізі әзірленіп, жабындысы төселді. Енді ойын элементтерін орнату жүріп жатыр. Қаржыландыру кестесінің өзгеруіне байланысты мерзім сәл кейінге шегерілді. Соған қарамастан барлық нысанды тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

Стритбол және воркаут алаңдарындағы негізгі іс-шаралар аяқталған. Қазір қоршаулар мен абаттандыру элементтері орыналастырылуда. Бұл жұмыстар да алдағы бір-екі апта ішінде аяқталады.

Әкімнің сөзінше, биылғы жобалар толық іске асқаннан кейін тағы 30-дан астам аулада балалар алаңын орнату қажет. Сондықтан алдағы 2017-2019 жылдары салынған ескі алаңдардың жабындысы мен ойын элементтері кезең-кезеңімен жаңартылады.

Сондай-ақ келесі жылы жеке секторды толық қамту үшін тағы 10 футбол алаңын салу көзделген.

Облыс әкімі Асайын Байханов соңғы үш жылда Екібастұз аулаларының басым бөлігі жаңғыртылғанын айтты.

– Бұл жұмыс өте маңызды. Соңғы үш жылда Екібастұздағы аулалардың шамамен 80 пайызы абаттандырылды. Алдағы міндет – ескі нысандарды кезең-кезеңімен жаңарту, ағымдағы жөндеу жүргізу және тұрғындардың демалуына қолайлы қоғамдық кеңістіктерді көбейту, – деді Асайын Байханов.

Нысандарды аралау барысында тұрғындар да өз ұсыныстарын жеткізді. Олардың бірі жаңбыр суы жиналатын ойыс жерді тегістеп, балалардың қауіпсіздігі үшін жабын төсеу қажеттігін жеткізсе, сондай-ақ ескі беседкалар мен орындықтарды жаңартуды сұрады.

Өз кезегінде Аян Бейсекин көтерілген мәселелер назарға алынып, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Ал тұрғындар қалада атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылық білдіріп, инженерлік желілердің де жаңартылып жатқанын атап өтті.