Павлодарлықтар заң туралы білімін сынап, сыйлықтарға ие болды
Павлодар қаласының жағалауында өткен жастар мерекесіне шамамен бес мың адам жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шахмат турнирі, түрлі байқаулар мен концерттік бағдарламаны қамтыған «Ертіс толқыны» жобасының кезекті іс-шарасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына арналды. Шараны Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен Железин ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Мереке қонақтары шығармашылық ұжымдар мен жас орындаушылардың концертін тамашалап, жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдары мен әшекейлер көрмесін аралады. Сонымен қатар, шахмат турниріне, асық ату және гір көтеру жарыстарына қатысып, интерактивті ойындар мен түрлі байқауларда бақ сынады.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – ұтылыссыз лотерея болды. Әрбір қатысушы заң мен тәртіп тақырыбындағы сұраққа дұрыс жауап бергеннен кейін естелік сыйлыққа ие болды.

Железин ауданының «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Рашиля Жаманбалинованың айтуынша, олардың ұжымы «Ертіс толқыны» жобасына екінші жыл қатарынан қатысып келеді. Өткен жылы бағдарлама негізінен ойын-сауық бағытында өтсе, биыл басты назар заң мен тәртіп тұжырымдамасын насихаттауға аударылған.
– Біздің мақсатымыз – әсіресе жастарға әр адамның өз іс-әрекетіне жауапты екенін түсіндіру. Болашақта еліміздің дамуына үлес қосатын – жастар. Сондықтан оларды кішкентайынан заңды құрметтеуге және жауапкершілікке тәрбиелеу өте маңызды, – деді орталық директоры.

Лотереядан бөлек, мерекеде «Менің уәдем» атты интерактивті стенд жұмыс істеді. Онда кез келген адам заңды сақтауға қатысты өз уәдесін жаза алды. Мысалы, жолды тек жасыл шам жанғанда кесіп өту, қоғамдық тәртіпті сақтау немесе табиғатқа ұқыпты қарау секілді міндеттемелерін қалдырды.
Концерттік бағдарламаны Железин аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынды. Домбыра үйірмесінің жетекшісі Абай Рысбековтің айтуынша, сахнада заманауи әндер, халық әндері және домбырашылар орындаған күйлер шырқалды.

– Осындай шаралар жастарды мәдениет, шығармашылық, спорт және ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Заң мен тәртіп – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі, – деді ол.
Қолөнер көрмесінде мектеп оқушылары жасаған әшекейлер мен түрлі кәдесыйлар қойылды. Ақтау ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Наталья Курнутованың айтуынша, балалар әртүрлі материалдармен жұмыс істеп, ұлттық нақыштағы әшекейлер мен сувенирлер дайындайды. Мұндай шығармашылық жұмыстар олардың қабілеттерін, ұсақ моторикасын дамытып, қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ танысуына ықпал етеді.
Іс-шараға әртүрлі жастағы тұрғындар қатысты. Жастар спорттық жарыстар мен зияткерлік ойындарға белсенді қатысса, ересектер концерт пен көрмені тамашалады. Ал шахмат әуесқойлары ашық турнирде өзара бақ сынасты.