Павлодар облысында жаңартылған теміржол вокзалдарының саны артты

Павлодар облысында жаңартылған теміржол вокзалдарының саны артты
Фото: ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Қайта жаңғыртудан кейін Қалқаман мен Шідерті станцияларындағы вокзалдар пайдалануға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғырту көзделген. Оның тоғызы Павлодар облысындағы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Өңірде осы жобалардың үштен бірі аяқталып, Ақсу мен Екібастұз маңындағы үш вокзал қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді.

– Қалқаман мен Шідерті вокзалдарында инженерлік желілер толық жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Вокзал маңындағы аумақ абаттандырылды. Бұл – ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы нысандар. Жаңартылған вокзалдар ел игілігіне ұзақ жыл қызмет етсін, – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Магистральдық желі дирекциясы Павлодар бөлімшесінің директоры Төлеубай Кенжебековтің айтуынша, қайта жаңғырту барысында вокзалдар кешенді түрде жаңартылған.

– Шатыр толық ауыстырылып, қасбеті заманауи материалдармен қапталды. Вокзал шаруашылығына қойылатын барлық талаптар ескерілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта жасалып, ана мен бала бөлмесі жабдықталды. Ғимараттар жылы, барлық қажетті жағдай қарастырылған, – деді ол.

Оның айтуынша, жаз мезгілінде Қалқаман мен Шідерті станцияларындағы жолаушылар ағыны тәулігіне шамамен 10–15 адамды құрайды. Алайда қыс мезгілінде бұл көрсеткіш бірнеше есе артады.

– Қыста боран кезінде автожолдар жабылып қалады. Сол кезде жергілікті тұрғындар теміржол көлігіне көбірек жүгінеді. Сондықтан вокзалдар маңызды көлік торабына айналады, – деді Төлеубай Кенжебеков.

Мамандардың пікірінше, мұндай жобалардың жүзеге асуы көлік қызметінің сапасын арттырып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.