Павлодарда кәмелетке толмағандарға сыра сатқан кәсіпкер жауапқа тартылды
Сату талаптарын бұзған кәсіпкерлер лицензиясынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты заңнаманы бұзудың 300-ден астам дерегі анықталды. Заңсыз алкоголь айналымының жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаевтың айтуынша, кәсіпкерлер арасында тыйымдарды ескере бермейтіндер аз емес. Мәселен, Павлодар қаласындағы кафелердің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімге екі бөтелке сыра сатылғаны анықталды. Заң бұзушылық дерегі тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданды.
– Бұл талаптарды сақтау – кәсіпкерлік қызметті жүргізудің міндетті шарты. Ол қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Аталған талапты бұзған кәсіпкерлерге ірі көлемде айыппұл салынып қана қоймай, лицензиясынан айырылу қаупі де бар, – деді Азамат Күркебаев.
Айта кетелік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзудың 312 фактісін анықтады. Полиция Қазақстан заңнамасына сәйкес 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольдік ішімдіктерді сатуға қатаң тыйым салынатынын еске салады.