Павлодар облысының барлық ауданда балаларға арналған бокс секциясы ашылды

Павлодар облысының барлық ауданда балаларға арналған бокс секциясы ашылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қызмет тегін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы маңызды жобаны жүзеге асыруда. Өңір тарихында алғаш рет барлық ауданда бокс секциялары ашылды.

Енді балалар мен жасөспірімдер тұрғылықты жеріне қарамастан осы спорт түрімен айналыса алады.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Қайрат Ахметжановтың айтуынша, жоба балаларға спортпен шұғылдануға тең мүмкіндік беруге бағытталған.

Секциялар болашақта Павлодар облысы мен Қазақстанның намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғайтын дарынды спортшыларды анықтап, олардың спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Біз осы үйірмелерден ел абыройын асқақтататын мықты спортшылар шығатынына сенеміз, – деді Қайрат Ахметжанов.

Бұқаралық спортты дамыту аясында Май, Шарбақты, Успен және Тереңкөл аудандарында жаңа бокс секциялары ашылды. Бұдан бөлек, Павлодар қаласы мен Кенжекөл ауылындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылдарында да спорттық топтар жұмысын бастады. Бокс үйірмелерімен бірге күрес, үстел теннисі және ұлттық спорт түрлері – асық ату мен тоғызқұмалаққа арналған залдар іске қосылды.

Бұл бастама балалар мен жасөспірімдерді тұрақты түрде спортпен айналысуға тартуға бағытталған. Сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда облыстың барлық ауданындағы бокс секцияларында орта есеппен 30-дан 70-ке дейін бала жаттығады. Қыздарға арналған топтар да барлық ауданда ашылған. Қабылдау спортпен айналысуға ниет білдірген балалар санына қарай жүргізіледі, – деді ол.

Бокс секцияларына 8-15 жас аралығындағы балалар қабылданады. Ол үшін медициналық анықтама қажет.Сондай-ақ ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі болуы тиіс. Ал ресми жарыстарға спортшылар 13 жастан бастап қатыса алады.

Әр аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде білікті мамандар жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда басқарма қосымша жаттықтырушыларды бағыттайды.

Ал жергілікті атқарушы органдар мамандарды баспанамен қамтамасыз етеді. Оларға жұмыс істеуге және тұруға қажетті жағдай жасалады. Спорт секциялары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Қосымша қажеттілік туындаса, аудандардың өтінімі негізінде жаңа жабдықтар жеткізіледі.

Ауылдық жерлерде мұндай секциялардың ашылуы балаларға өз елді мекенінде сапалы дайындықтан өтуге мүмкіндік береді. Олар спорттық шеберлігін жетілдіріп, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыса алады. Бұл болашақ чемпиондарды анықтауға жол ашады, – деді Қайрат Ахметжанов.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен жекеменшік спорт клубтарында шамамен 2,5-3 мың бала мен жасөспірім бокс спортымен тұрақты айналысады.