Павлодар облысынан қысқы Олимпиада ойындарына алты спортшы дайындалуда

ҚР барлық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының құрамына Павлодар облысынан 705 спортшы кіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда өңірлік комиссиясы бекіту үшін облыстық басқарма тарапынан 36 басым спорт түрінің жобасы ұсынылды, оның ішінде 13 жазғы олимпиадалық, төрт қысқы олимпиадалық, бір паралимпиадалық, екі параолимпиадалық, бес сурдлимпиадалық, 11 ұлттық спорт түрлері бар.
Бұл ретте, кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру жүйесін өзгерту бағытында үлкен қадам жасалды. Легионер спортшыларды жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды.
– Осы жылдың маңызды спорттық оқиғаларының бірі – Қазақстан құрамасының 9-қысқы Азия ойындарындағы өнер көрсетуі болды. Ұлттық құрамаға Павлодар облысынан төрт спортшы енген болатын. Павлодарлық Роман Иванов фристайл-акробатика, синхронды секірулер бойынша алтын медаль жеңіп алды. Кезекті қысқы олимпиада ойындарына 248 күн қалды. Оған облысымыздан төрт спорт түрі бойынша алты спортшы дайындалып жатыр. Роман Ивановтан медаль күтеміз, – дейді Азамат Имашев.
Облыс әкімі хзалықаралық және олипиада ойындарына дайындық жасап жатқан спортшыларға жан-жақты көмек, қолдау көрсетуді тапсырды.
Айта кетейік, ҚР барлық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының құрамына Павлодар облысынан 705 спортшы кіреді, оның ішінде 257 – негізгі құрам, 448 – жастар және жасөспірімдер құрамы.
– Бұдан бөлек, 2025 жылдың наурыз айынан қазан айына дейін еліміздің әртүрлі қалаларында 34 жазғы Олимпиадалық спорт түрі бойынша алтыгшышы Қазақстан Республикасының Жастар ойындары өтуде. Облыс құрамасы 14 спорт түрі бойынша қатысып, 20 алтын, 10 күміс, 12 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінуде, – деді басқарма басшысы.
Материалдық ынталандыру шарасы ретінде, басқарма тарапынан ұлттық құрама командаларының құрамына кіретін, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылатын 150 перспективалы спортшыға ай сайын
58 000 теңгеден 471 000 теңгеге дейінгі мөлшерде ақшалай жәрдемақы төленеді.