Павлодарда тарихи оқиға өткізуге бәрі дайын

Күні кеше қатысушылардың салмақ өлшеу рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
27 ақпанда «Астана» мұз сарайында бокс кеші өтеді. Бағдарламаның көркін жергілікті «Ноғай» Фаниль Рафиков пен астрахандық «Қасапшы» Ахмед Әлиев арасындағы жекпе-жек қыздырмақ. Шоу қарсаңында «Batyr mall» сауда орталығының фойесінде салмақ өлшеу және дәстүрлі «көз тартысы» өтті. Экстравагант павлодарлық қарсыласын «ертең аянып қалма» деп туған рингіне шақырды.
– Ассаламуғалейкум, құрметті Қазақ елі, – деп «Ноғай» туған жұртына сәлем берді. – Біріншіден, мен қазақ батырымын. Бірақ шоумен ретінде қызық болмасам, жұртшылық мұнда келмес еді. Мен оны (Ахмед Әлиевті) таңдадым, өйткені ол мықтылардың мықтысы. Мен тоғыз жыл бойы туған жерімде жекпе-жек өткізген жоқпын және павлодарлықтарым үшін барымды саламын.
Сонымен қатар, Fight Nights Global промоутерлік компаниясының президенті Камил Гаджиев уәде еткендей, салмақ өлшеу рәсімінен кейін Ice Arena-да хоккейден жолдастық кездесу өтті. «Ертістің» жас жігіттері мен ардагерлері мұз айдынына шығып, Ресейден келген қонақтарға қарсы күштерін сынады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен бірге, он жекпе-жекке қатысушылардың барлығы белгілі болды. «Астана Аренада» павлодарлықтар алдында бұған дейін аталып өткен жауынгерлерден бөлек, Жұмағұлов – Скоггинс, Ерназарұлы – Чеботарев, Қабдолла – Хасанов, Самуев – Палок, Сабыр – Әлішев, Иманқұлиев – Ашуров, Абдулалим – Абдулакимов, Сәбитов – Васюткевич, Дййсенқұл – Маджитов өнер көрсетеді.
Бокс кеші 27 ақпанда Астана мұз сарайында өтеді. 18:00-де басталады. Бокс кешінің билеттері трибунада 2500 теңгеден, партерде 25 000 теңгеге дейін. Билеттерді ticketon.kz платформасында сатып алуға болады.