Павлодар облысындағы жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен қаржы бөлінді

Қаражат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Президенттің тапсырмасы бойынша Павлодар және Екібастұз қалаларында жылу желілерін жылыту маусымына дайындауға Үкімет резервінен шамамен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде облыстағы инженерлік желілер мен жылу көздерінің тозуын азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Қаулыға сәйкес бөлінген қаражаттың негізгі сомасын, яғни шамамен 3 миллиард теңгені Екібастұз қаласының жылу желілерін жаңғырту бойынша екі жобаға бөлу жоспарлануда. Бұл – Орталық жылу тарату пунктінен 1,4 шақырым жердегі елді мекенге дейінгі ТМ-I және ТМ-III жылу магистральдарын жөндеу.
Павлов – Шевченко – Катаев көшесіндегі тұрғын үй шағын ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін Қамзин көшесі бойынша ТМ-13 салу жобасын аяқтауға Павлодар қаласына 802 млн теңге бағытталады.
Шығындардың жалпы сомасы 5,8 миллиард теңгені құрайды. Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінді. Қалған 2 миллиард теңге көлеміндегі қаражат облыстық бюджеттен қаржыландырылды.
2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа ұзындығы 9 шақырым магистральдік жылумен жабдықтау желілеріне жөндеу жүргізілді. Екібастұз ЖЭО-да қазандық агрегаттары жөнделіп, тазартылған су құбыры салынды.
Бұдан бөлек, облыстың жылу беруші кәсіпорындарында ұзындығы 2,4 шақырым жылу желілерін жаңғырту бойынша жұмыстар орындалды, оның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына көшу шеңберінде салынған құны 1,7 миллиард теңге тұратын 2,1 шақырымдық жылу желілері бар.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың басында желілердің тозуы 79,7%-ға дейін төмендеді.
Облыс орталығы мен Екібастұз қаласындағы желілердің тозуын одан әрі төмендету және алдағы жылыту маусымында үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін жылу магистральдарының ағымдағы реконструкциясын уақтылы аяқтау қажет.
2024 жылғы желтоқсанда бекітілген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру шеңберінде Павлодар қаласында 1-НО-52 ЖЭО учаскесінде өткізу қабілетін арттыра отырып, 9,8 миллиард теңге сомаға жаңа ТМ-20а жылу магистралін салу жоспарлануда. Жоба негізінде республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған қала аумағының 30%-ын жылумен қамтамасыз ету көзделген.