Павлодар облысында құс еті қымбаттады

Павлодар облысында құс еті қымбаттады
Фото: Константин Шелков

Биыл қаңтар-сәуір айларында елімізде 40,7 мың тонна мұздатылған құс еті өндірілді, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Energyprom.kz сарапшыларының мәліметі бойынша,  бұл –  бір жыл бұрынғыдан 5,7% аз. 45,9 мың тонна жаңа немесе салқындатылған құс еті өндірілді. Бұл –  былтырғы қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда 22,6% көп.

Мұздатылған құс етінің басым бөлігі Алматы облысында өндірілді: бір жылда 16,9 мың тонна, 19% азайған. Үздік үштікке Ақмола (7,9 мың тонна) және Абай (4,4 мың тонна) облыстары да кірді. Жаңа және салқындатылған құс етінен Ақмола облысы көш бастап тұр: 17,3 мың тонна, бір жыл бұрынғыдан 27,5% артық. Сондай-ақ сектордағы негізгі өндіруші аймақтардың қатарында Шығыс Қазақстан (14,9 мың тонна) және Алматы (6,5 мың тонна) облыстары бар.

– Биыл мамыр айының қорытындысы бойынша, құс етінің бағасы былтырғымен салыстырғанда 13,5% өсті. Оның ішінде тауықтың төс еті бір жылда 21,2%, жамбас және жіліншігі – 20,9%, тауық еті – 16,4%, аяқ еті 8,9% қымбаттады. Өңірлік тұрғыда бағаның ең көп өсуі Павлодар облысында тіркелді: жылына – 27,2%. Сондай-ақ Батыс Қазақстан (26,3%) және Қостанай (22,5%) облыстарында баға өсті. Ең аз жылдық баға өсімі Ақтөбе облысында тіркелді –  2,7.  Бұл ретте тек Түркістан облысында ғана бағаның жылына 1,9% төмендеуі байқалды%, – деп жазылған хабарламада. 

Биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар құс етіне және құс етінен алынатын субөнімдерге сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) бір жыл бұрынғы 74%-дың орнына 77,1% қамтамасыз етті. Импорттың үлесі тиісінше 22,9% болды. Импорт 5,3% азайып, 23,8 мың тоннаны құрады.

Бұл ретте елден 6,6 мың тонна өнім экспортталды. Бұл –  бір жыл бұрынғыдан 2,6 есе артық. Экспорттың үлесі қолда бар ресурстардың 6,3%-ын құрады. Ішкі нарықта сату бірінші тоқсанда 3,7% артып, 97,4 мың тоннаны құрады.