Павлодар облысында құтқарушылардың жұмысын жеңілдететін жаңа көліктер берілді
15-20 жыл қызмет жасап, тозған техника жылдан-жылға ауыстырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл азаматтық қорғау қызметінің құрылғанына 29 жыл толады. Осы уақытқа дейін Павлодар облысының ТЖД-нің өрт сөндіру бөлімдері, жедел жасақтарына жаңа техникалар келді.
– Заманауи техника төтенше жағдайларды, апаттарды және табиғи өрттерді уақытында жоюға көмектеседі. Департамент бойынша жаңа тікұшақ және пилотсыз ұшақ бар. 6 қазанда Баянауыл мен Қарағанды шекарасында өрт болғанда сол жерге тікұшақ жіберген болатынбыз. Ол 35 минуттың ішінде өрт орнына жетіп, өрт себебін, оның ауданын бәрін уақытында анықтап, мәлімет бізге жіберілді, – деді облыстық ТЖД жоспарлау және жедел алдын алу орталығының бастығы Асқарбек Омаров.
Мысалы, Төтенше жағдайлар министрлігінен облыстық жедел құтқару жасағына бес тепловизор, үш пилотсыз ұшу аппараты, үш автоцистерна, жол талғамайтын көлік және 50 метрге дейін жететін өрт сөндіру көліктері және квадроцикл жеткізілді.
– Жедел құтқару жасағында 27 техника бар. Тағы үш көлік қосылды. Енді 100-150 шақырым радиуста орын алатын жол апаттарына «Toyota» маркалы жеңіл көліктер жіберіледі. Құтқарушыларымыз «Toyota» мінеді деп ойламаппыз. Ал квадроциклді тек фильмдерден көріп жүрдік. Квадроцикл батпақ, сазды, жайылманың жолынан өтуге мүмкіндік береді. Яғни, іздестіру жұмыстарына жұмылдырамыз, – деді жедел құтқару жасағының басшысы Мұхаммед-Қанапия Әбдуалиев.
Сондай-ақ, газ анализаторы сатып алынды. Бұл жабдықтың арқасында өрт шыққан жерде оттегінің, көміртегі тотығының, бензин пайызы және күкіртсутектің пайызы көрсетіледі. Жалпы жедел құтқару жасағында 27 техника бар. Оның 50 пайызы жаңартуды талап етеді.
– Әрине, 80-шы жылдары жүрген көліктер біздің технопаркте жоқ. Әр көлік 15-20 жыл ішінде жаңартылу қажет. Бізге тоғыз жол талғамайтын көлік жетіспейді. Жалпы 10 құтқарушыға ортақ бір көлік беріледі. Ал жасағымызда 95 қызметкер жұмыс істейді. Осындай көлік Павлодар мен Екібастұзда бар, – деді Мұхаммед-Қанапия Әбдуалиев.
Сондай-ақ, 17 миллионға сатып алынған дрон жеткізілді. Оның көмегімен өрт ошақтарын, іздестіру жұмыстары, шомылу мауымын қадағалап, қауіп-қатерді анықтауға болады. Жинақта қуаттылығы бір жарым сағатқа шыдайтын үш батарея бар. Дрон 4K сападағы камералармен, тепловизормен жабдықталған. Оның ұшу қашықтығы 20 шақырымға дейін жетеді.
Фото: автор мен Есенжол Исабек