Павлодар облысында үй ішінде балаға қатысты жыныстық сипаттағы екі факті анықталды

Павлодар облысында үй ішінде балаға қатысты жыныстық сипаттағы екі факті анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы 11 қылмыс тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенева өзінің Instagram парақшасында мәлім етті. Ол ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру аясында облыс прокурорының аға көмекшісі Асхат Атикеевпен кездесіп, әңгімелесті.

– Толық медициналық тексеру барысында Павлодар облысының балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарының мамандары 10-16 жас аралығындағы 105 тәрбиеленушісіне қатысты жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзудың 11 фактісін анықтады, – деді Сәуле Шәкенева.

11 факті ішінен сегіз оқиға сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Күдіктілер анықталып ұсталды. 

– Үш факті қылмыстық құқық бұзушылық құрамына тексерілуде. Сонымен қатар, үйдегі тәрбиеленіп жатқан балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың екі фактісі анықталды, – деді Сәуле Шәкенева.

Оның сөзінше, аталмыш қылмыстар бірнеше жыл бұрын жасалған. 

Еске сала кетейік, жуырда облыс әкімі зорлық мәселесіне қатысты пікір білдірді. Милана Давыдовамен болған жағдайдан кейін 573 қолайсыз отбасында 1362 бала ерекше бақылауға алынды. Сондай-ақ, барлық жағдай Асайын Байхановтың бақылауында.