Павлодар облысында әскерге барудан жалтарған жігіт 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

Павлодар облысында әскерге барудан жалтарған жігіт 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Фото: Константин Шелков

Облыста 1500-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуде жалтарған, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Қанат Кәрімов мәлім етті. 

–  Бүгінгі таңда облысымызда әскерден жалтарып жүрген азаматтардың саны 1500-ден асады. Олар көбінесе басқа аудандар мен қалаларға, облыстарға қашып кеткен. Тіпті, шекара сыртына шығып кеткендер де бар, –  дейді Қанат Кәрімов.

Оның айтуынша,  биыл аймақта әскери борышын өтегісі келмегені үшін   бір азамат жазаланған. 

–  Ол Баянауыл ауданының тұрғыны. Оған сот 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту және 10 АЕК көлемінде айыппұл салу түрінде жаза тағайындалды. Себебі, сот жігіттің әлеуметтік жағдайына қарады, – дейді Қанат Кәрімов.

Айта кетерлігі, әскер қатарына шақырылғандардың арасында шекарашы болуға ниет білдірген жастардың қатары сирек. Себебі, шекарашылар үшін қойылатын талаптар көп. Мәселен, туыстары сотталмаған, денсаулығы мықты және басқа да қатаң талаптар қойылады. Бұл шарттарға сәйкес келетін азаматтар ғана шекара шебіне бара алады. Жастардың көбі Ұлттық ұлан мен Қарулы күштерді таңдайды.