Елордалық хирург Павлодарда шеберлік сабағын өткізеді
Маман Беларусь пен Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28 маусым күні сағат 09:00-де Павлодар қалалық №1 ауруханасында Астана қаласы Ұлттық онкология ғылыми орталығының гепатобилиарлы хирургия және трансплантология бөлімінің меңгерушісі Жанат Сыпатаев «Гепатобилиарлы хирургия» атты шеберлік сабағын өткізеді. Сондай-ақ, бауыр цистаденомасы диагнозы бар науқасқа операция жасайды.
28-29 маусым күндері сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін Жанат Сыпатаев бауыр және ұйқы безі аурулары, онкологияға шалдыққан науқастарға кеңес береді.
Жанат Сыпатаев – 20 жылдық тәжірибесі бар хирург, халықаралық журналдардағы ғылыми мақалалардың авторы. Ол бауыр және ұйқы безінің қатерлі ісігі, өт тас ауруы, өт жолдарының стриктуралары, құрсақ қабырғасының және диафрагманың жарықтары, тік ішек обыры метастаздары сынды ауруларды емдейді.