Павлодар облысында 12 жасар қыз сәбилі болды
Жасөспірім қыз перинаталдық орталықта босанған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Шарбақты ауданындағы мектептердің бірінде 12 жасар қыз дүниеге сәби әкелген.
– Аталған фактіге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Жасөспірім тамыз айында 13 жасқа толады, – деді басқармада.
Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің басшысына қатаң сөгіс беріліп, мектеп директоры жұмыстан босатылған.
Еске сала кетейік, өткен маусым айында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқұшева өңірде жүктілікпен есепте 15-18 жастағы 22 кәмелетке толмаған қыз тұрғанын хабарлаған болатын.
Былтыр 21 қараша күні Павлодар облысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмаған оқушының жүктілігі туралы ақпарат таралды. Қыздың дене бітімі мен мінез-құлқындағы өзгерістерді бірінші болып мектеп мұғалімдері байқаған. Дереу кәмелетке толмаған баланың анасы хабардар етілген.
Бақылауды әлсіреткені үшін мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және сынып жетекшісіне қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылған болатын. Алайда кейін аталған шаралардың күші жойылды.
Облыстық полиция департаменті ҚР ҚҚ-нің 120-бабы 4-бөлігі (Зорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап, күдікті – өгей әкесі ұсталған.