Алты бағыт, жаңа дерек: Павлодар жастары тарихи жорықта
Қатысушылар туған өлке мұрасын зерделеуге атсалысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жас буынға туған өлкенің тарихын таныстыруға бағытталған «Тарихтың ізімен» жобасы бастау алды. Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған шараға барлығы 180 адам тартылды.

Креативті жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Айша Хамзаеваның айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа туған жер тарихын дәстүрлі экскурсиядан бөлек, заманауи тәсілдер арқылы таныстыру.
– Жастарға тарихты экскурсия арқылы ғана емес, жаңа трендтер негізінде де көрсеткіміз келеді. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатысып жатыр. Әр нысанға 30 адамнан бөлінді. Бір қатысушы тек бір бағдар бойынша тарихи мекенге сапарлай алады, – деді ол.

Экспедиция 14-21 тамыз аралығында алты бағыт бойынша өтеді. Баянауыл бағытында қатысушылар Баянауыл ұлттық табиғи паркіне, «Кемпіртас» жартасына, Жасыбай батыр ескерткішіне және Қара қандыағаштың реликті тоғайына барады.
Шарбақты ауданында тарихи-өлкетану музейі, Ғабдул Уахит Хазрет кесенесі мен Маралды көлі қамтылса, Успен ауданында тарихи-өлкетану музейі, Успенка ауылының орталық алаңы және үлкен Тобылжан көліне бару жоспарланған.
Екібастұз қаласында жастар тарихи-өлкетану музейі мен «Богатырь Көмір» ЖШС-нің көмір разрезімен танысады. Аққулы ауданында Аққулы, Қарақала және Мерғалым ауылдарына барып, Мерғалым ата кесенесін, «Сары бәйбіше» киелі орнын және «Тұзқала» демалыс базасын аралайды.
Ал Ертіс ауданындағы бағдарламаға қатысатындар тарихи-өлкетану музейін, Социалистік Еңбек Ерлері аллеясын және Таймас әулие кесенесіне барады. Бағыттар бірнеше ай бойы зерделеніп, жергілікті мамандардың ұсыныстары ескеріле отырып таңдалған.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы қолға алған жоба креативті буынмен жұмыс істеуге, сондай-ақ олардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Бастамаға блогерлермен қатар шетелдік студенттер де тартылды. Олар сапар кезінде жинаған әсерлері мен тарихи мәліметтерді әлеуметтік желілерде жариялап, жобаның аудиториясын кеңейтуді мақсат етеді.
Жоба аясындағы алты экспедицияның әрқайсысы тарихи-танымдық мазмұнмен қатар, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі шаралармен толықтырылады. Қатысушылар командалық ойындарға, тақырыптық викториналар мен квесттерге қатысып, сапар барысында көрген нысандары бойынша интерактивті тапсырмалар орындайды.

Мұндай формат жас буынға туған өлкенің тарихы, мәдениеті мен табиғи мұрасы туралы білімін ойын арқылы толықтыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қатысушылар топпен жұмыс істеу қабілетін жетілдіріп, белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін таныта алады.
Солардың бірі – Нигериядан келген Эниола. Ол Павлодарға биолог мамандығы бойынша білім алу үшін келген. Шетелдік студент Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне айрықша қызығушылық танытып отыр.
– Мен мұнда білім алып қана қоймай, жаңа дүниелерді үйреніп, білімімді одан әрі жетілдіргім келеді. Сондай-ақ жаңа адамдармен танысып, олардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін білгім келеді. Қазақстанның табиғаты мен тарихи орындарын өз көзіммен көру мен үшін өте қызықты, – деді студент.
Эниола бос уақытында Павлодардағы мұражайларға барып, шаһардың өткенімен танысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ел табиғатын тамашалап, таулы аймақтарды аралап, көрікті жерлерді көргісі келеді.

Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Джахангер Иманжұпардың пікірінше, биылғы бастама аясында «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарына да ерекше мән берілген.
– Ортақ тарихи мұрамызды дәріптеу арқылы жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат етеміз. Тарихи нысандарға құрмет көрсету – заң мен тәртіпті қадірлеумен де тығыз байланысты, – деді басшы орынбасары.

Экспедицияның алғашқы бағыты Баянауылға арналды. Қатысушылар қатарында жобаға биыл алғаш рет қосылған Бақберген Ботаевта бар. Ол өлкенің бай шежіресі мен табиғи ерекшеліктерін өз көзімен көруге ниетті.
– Баянауылдың табиғаты ерекше. Кемпіртасқа барғым келеді. Сондай-ақ Жасыбай батыр ескерткішін, жайлауларды көріп, олардың тарихын білгім келеді. Бұл жобаға бірінші рет қатысып тұрмын. Қорқыныш жоқ, керісінше қызығушылығым жоғары, – деді жас қатысушы.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, былтырғы бастамадан кейін жастардың қызығушылығы жоғары болған. Осыған байланысты жоба биыл да жалғасын тапты. Алдағы уақытта бағыттар санын көбейтіп, облыстың өзге де тарихи-мәдени нысандарын қамту көзделіп отыр.