Павлодар облысында 16 миллион доллардың репатриацияланбау фактісі анықталды

Павлодар облысында 16 миллион доллардың репатриацияланбау фактісі анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Валюталық заңнаманы бұзған компанияға 1,5 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасы мәлімдеді.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тарифтік реттеу басқармасының қызметкерлері сыртқы экономикалық келісімшарт шеңберінде ақшалай қаражатты репатриациялау жөніндегі міндеттемелердің орындалмауына байланысты ірі құқық бұзушылықты анықтады.

Қазақстандық компания Қытай Халық Республикасының жеткізушісімен келісімшарт жасасқан. Шарт талаптарын орындау аясында бейрезиденттің мекенжайына 16 337 281 АҚШ доллары (баламасы – 7 681 299 403 теңге) аударылған. Алайда тауар Қазақстан Республикасының аумағына жеткізілмеген, ал валюталық қаражат заңда белгіленген мерзімде қайтарылмаған.

Тексеру барысында қаржылық операцияларды ұйым басшылығы тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан мекеменің есепшісі жүргізгені анықталды.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, валюталық нормалардың сақталуына жауапкершілік, қызметкерлердің қайсысы нақты операцияларды жасағанына қарамастан, тікелей заңды тұлғаға жүктеледі.

Іс материалдарын қарау нәтижесі бойынша компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы 1,5 миллиард теңгеден асты, бұл Павлодар облысында валюталық заңнаманы бұзғаны үшін қолданылған ең ірі айыппұлдардың бірі болды, - делінген департамент берген ақпаратта. 

Департаменттің тарифтік реттеу басқармасы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға (СЭҚ) сыртқы сауда келісімшарттарының орындалуын тиісті түрде бақылау қажеттігін ескертеді. Бизнес үшін тауарлардың уақтылы келіп түсуін немесе орындалмаған міндеттемелер бойынша ақшалай қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету маңызды екенін еске салады. Заңнама талаптарын сақтамау әкімшілік жауапкершілікке және қаржылық шығындарға әкеп соғатынын ескертеді.