Павлодар облысында 180 мыңға жуық тұрғын әлеуметтік төлем алады
Өңір тұрғындарына 304 мың түрлі әлеуметтік төлем тағайындалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың негізгі екі түрі бар. Оның біріншісі – мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.
– Мүгедектігі бар адамдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты тағайындалады. Павлодар облысында бүгінгі күні 20 711 адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушы болып табылады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға ұлғайтылды, – деді Алмагүл Мұхамедова.
Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың екінші түрі – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы. Бұл төлем қайтыс болған асыраушысының асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне беріледі.
– Асыраушысынан айырылған адамдар үшін мемлекеттік жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінде тағайындалады. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 8 323 отбасы осы төлем түрін алып отыр, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлем, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арналған жәрдемақылар, марапатталған көпбалалы аналарға берілетін төлемдер, сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған жәрдемақылар төленеді.
Өткен жылы республикалық бюджеттен бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдерге бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға күтім көрсетуге байланысты төлемдерге 3,5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Сонымен қатар төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға бала санына байланысты тағайындалатын жәрдемақыларға тоғыз миллиард теңгеден астам қаражат төленген. Ал марапатталған көпбалалы аналарға берілетін төлемдерге 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған.
Бұдан бөлек, әлеуметтік төлемдерге құқығы бар азаматтардың жекелеген санаттарына да бірқатар төлемдер қарастырылған.
– 2024 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында арнайы кәсіптік жәрдемақы енгізілді. Қазіргі таңда Павлодар облысында бұл жәрдемақыны мың жарымнан астам адам алып отыр, – деді Алмагүл Мұхамедова.
Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының ең төменгі мөлшерінің ұлғаюына байланысты арнайы кәсіптік жәрдемақының мөлшері де артқан.
Министрліктің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі – әлеуметтік қызметтерді цифрландыру. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік қызметтер проактивті форматқа көшіріліп, азаматтардың өтінішінсіз автоматты түрде тағайындала бастады.
Мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжиниринг шеңберінде төрт мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылған. Олардың қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, бірініші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау, мүгедектік бойынша жәрдемақы, жерлеуге біржолғы төлем және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы бар.
– Бұл қызметтер азаматтардың қатысуынсыз, ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде тағайындалады. Егер бұрын жәрдемақыны рәсімдеу сегіз жұмыс күніне дейін созылса, қазір бұл процесс бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады, – деп атап өтті Алмагүл Мұхамедова.
Осылайша, бүгінде республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдер арқылы Павлодар облысының ондаған мың тұрғыны мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.