Павлодарлық өндіріс қызметкерлері отбасымен демалысты көңілді өткізді

Павлодарлық өндіріс қызметкерлері отбасымен демалысты көңілді өткізді
Суретті «ERG Service» ЖШС ұсынды

Отбасылық тимбилдинг жыл сайын өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазақстан алюминийі» АҚ, Қазақстан электролиз зауыты және «ERG Service» ЖШС құрамына машина жасау зауыты бірігіп, «Зеленая роща» демалыс орнында «Сақ жүрсең, сау жүресің» атты қысқы денсаулық фестивалін өткізді.

Ақпанның бірінші сенбі күнін өндіріс қызметкерлері таза ауада, музыка, би және көтеріңкі көңіл күймен отбасымен және жақындарымен көңілді тойлады.

–    Қызықты ойындардың түрлері көп екен, осы ойындарға қатысып, сыйлықтар аламыз деп дайындалып келдік. Ыстық шай, тәттілер балаларға ұнап жатыр, – дейді «ERG Service» басқармасының шебері Әлішер Файзулла.

Жыл сайын өткізілетін фестиваль – отбасылық тимбилдинг өндіріс майталмандары үшін асыға күтетін мерекеге айналған. Себебі, фестивальда қызметкерлер жанұясымен бірге келіп, көптен көрмеген таныстарымен жүздеседі. Қызықты ойындар ойнап, көңіл көтереді.

–Бүгін төртінші жыл балаларыммен келіп қатысып жатырмыз. Балаларға да, маған да қатты ұнайды. Екі ұлым ойын ойнап, жеңіп алған сыйлықтарына қуанып қайтады, – дейді Қазақстан электролиз зауытының қызметкері Маржан Мұхаметова.

Павлодар қалалық қорғаныс бөлімінде қызмет ететін Айнагүл Біләлова «Қазақстан алюминийі» АҚ зауытында автотранспорт цехында жүргізуші болып жұмыс істейтін жолдасы Қанатпен және төрт баласымен мерекеге үш жылдан бері қатысып келеді. Кіші ұлы бес жаста, ал үлкені – студент, 17 жаста, бағдарламашы мамандығында оқиды. Екі баласы мерекелік күнде өзіне ұнайтын ойын-сауық табады.

–   Отбасымызбен жарыстарға қатысамыз, таза ауада, жақсы көңіл күйменкеремет қуат аламыз. Жалпы, біз бірге кинотеатрға, белсенді демалыс орталықтарына баруды жақсы көреміз. Балаларға мұндай іс-әрекеттер қажет, себебі олар көп уақытын телефонмен өткізеді, ал бір күнін спортпен өткізсе, денсаулықтарына пайдалы болмақ, – деп ол пайдалы кеңес берді.

Қысқы фестивальге қатысушы халықтың қарасы қалың болды. Балаларға да, ересектерге көптеген локациялар ойластырылып, әркім өзіне қызықты спорттық эстафеталарда бағын сынап көрді.