Павлодар облысында 1800-ге жуық ит пен мысыққа чип салынды

Павлодар облысында 1800-ге жуық ит пен мысыққа чип салынды
Фото Константина Шелкова

Оларды қай жерде тіркеуге болатыны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев мәлім етті. 

– Үй жануарларын есепке алу жөніндегі іс-шаралардың орташа бағасы 3500-4000 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 6 қыркүйектегі жағдай бойынша «TANBA» базасында 1797 бас тіркелген, оның ішінде 997-і ит пен 800-і мысық, – деді Асылтас Тілеубаев.

Өңірде жануарларды есепке алуды жүзеге асыратын ветеринарлық клиникалар бар. Павлодар қаласында мұндай қызметті «ЖАН», «Форвард», «Қамқорлық», «VetMed», «Шанс» клиникалары көрсетеді. Сондай-ақ Екібастұз қаласында «Ежкин Кот» және «Форвард» ветеринарлық клиникаларында арнайы қызмет көрсетіледі. 

Еске сала кетейік, есепке алынатын үй жануарлары – ит, мысық, теңіз шошқасы, шиншила, күзен, егеуқұйрық, тасбақа, ергежейлі шошқа. Егер рұқсат етілген түрі болса, маймыл мен алақоржынды үй жануары ретінде асырауға болады. 

Биыл қыркүйек айынан бастап ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 11-бабына сәйкес үй жануаларын есепке алу міндетті ветеринарлық шара болып табылады. Аталған талапты орындамаудың салдары 10-20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапқа тартуға әкеліп соғады. Егер бұл заң бұзушылық  қайталанса, 20-40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Электрондық жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу – тегін. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.