Павлодар облысында 30 мыңға жуық тұрғын мүлік салығын төлемеген

Павлодар облысында 30 мыңға жуық тұрғын мүлік салығын төлемеген
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның жалпы сомасы 40 миллионнан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға 2025 жыл үшін есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі 2026 жылғы 1 қазанда аяқталатынын еске салады. 

2025 жыл үшін Павлодар облысының тұрғындарына мүлік салығы бойынша 346,6 миллион теңгеге жуық салық есептелді. Бұл міндеттемелер 260 мыңнан астам салық төлеушіге қатысты. Бүгінде бюджетке 124,6 миллион теңгеге жуық қаражат түсті.

Сонымен қатар, өңірде 28 мыңнан астам азаматтың өткен кезеңдер бойынша өтелмеген салық берешегі бар. Оның жалпы сомасы 42 миллион теңгеге жуық.

Мүлік салығын қалай тексеруге және төлеуге болады?

Мүлік салығы жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жер бойынша төленеді.

Салық сомасын азаматтар бірнеше тәсілмен біле алады және төлемді онлайн түрде жүзеге асыруына болады:

- e-Salyq Azamat мобильді қосымшасындағы «ЖТ және ЖК алдағы төлемдер» сервисі арқылы;

- Halyk Bank, Kaspi Bank және басқа да банктердің мобильді қосымшалары арқылы; 

- ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің portal.kgd.gov.kz порталындағы «Сервистер» бөлімінің «ЖТ алдағы төлемдері мен берешегі» сервисі арқылы; 

- Telegram желісіндегі SalyqBot чат-боты арқылы;

- 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу арқылы.

Банктер мен банкоматтар арқылы төлем жасау кезінде мына деректемелер пайдаланылады:

- БСК (бюджеттік сыныптау коды) – 104102;

- ТТК (төлем тағайындау коды) – 911;

- өсімпұл төленген жағдайда – ТТК 912.

Салықты уақытында төлемеген жағдайда не болады?

Ағымдағы жылдың 2 қазанынан бастап салық міндеттемесін орындамаған азаматтарға заңнамада көзделген шаралар қолданылады.

Бірінші кезекте мерзімі өткен әрбір күн үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Сонымен қатар, берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады

Егер берешек 1 АЕК-тен асатын болса, хабарлама тапсырылған күннен бастап 30 жұмыс күні өткеннен кейін салықтық бұйрық шығарылады.

Берешек 5 жұмыс күні ішінде өтелмеген жағдайда, салықтық бұйрық орындау үшін жеке сот орындаушыларына (ЖСО) беріледі.

Бұл ретте ЖСО тарапынан банк шоттары мен мүлікке тыйым салу, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеу қою сияқты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Бұдан бөлек, борышкерден жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу үшін берешек сомасының 25%-ына дейін өндіріп алынуы мүмкін.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарды 2025 жыл үшін мүлік салығын 2026 жылғы 1 қазанға дейін төлеуге шақырады.

Салық міндеттемесін уақытында орындау қосымша өсімпұл мен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының туындауына жол бермейді.