Павлодар облысында ана мен қыздар арасындағы байқаудың жеңімпазы анықталды
Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сахналап, қолөнер бұйымдары мен ЖИ арқылы әзірленген бейнероликтерін таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Қыз еркем – қылығымен көркем» облыстық байқауы өтті. «Аққу» жобасы аясында ұйымдастырылған сайысқа өңірдің қалалары мен аудандарынан 13 команда қатысты.

Байқау қыз балаларға ұлттық тәрбие беру, ана мен қыз арасындағы байланысты нығайту және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Қатысушылар үш кезең бойынша өнер көрсетті. Алғашқы «Адал азамат отбасынан басталады» кезеңінде аналар мен қыздар бесікке салу, қонақ күту секілді қазақтың салт-дәстүрлерін сахналады.

Екінші кезеңде олар өз қолдарымен жасаған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын таныстырды. Ал соңғы кезеңде жасанды интеллект көмегімен қазақ халқының дәстүрлері мен отбасылық құндылықтары туралы бейнероликтер әзірледі.
– Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіріп қана қоймай, оларды заман талабына сай насихаттай білетін ұрпақ тәрбиелеу. Әсіресе, қатысушылардың жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, салт-дәстүрлерімізді жаңа форматта таныстыруы қуантты, – деді ұйымдастырушылар.
Байқау қорытындысында Гран-при Май ауданындағы Е. Мұқашев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің командасына бұйырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау ұлттық дәстүрлерді отбасылық тәрбиемен, қолөнермен және заманауи технологиялармен ұштастыруға мүмкіндік берді.
