Павлодар облысында аптап ыстықтың орнын жаңбыр басады

Павлодар облысында аптап ыстықтың орнын жаңбыр басады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

13-20 шілде аралығында Павлодар облысында ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аптаның алғашқы жартысында аптап ыстық сақталса, кейін температура төмендеп, жаңбыр мен найзағай жиілейді.

13-16 шілде аралығында өңірде күндіз ауа температурасы +33...+38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Тек облыстың солтүстік және батыс аудандарында кей күндері +30 градус шамасында болады. Осы күндері өңірдің жекелеген аумақтарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Жел солтүстік-шығыстан соғып, секундына 9-14 метрге дейін жетеді. Облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында желдің екпіні 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

17 шілдеде ауа райы күрт өзгереді. Облыстың басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Батыс және солтүстік аудандарда нөсер жаңбыр болжанып отыр. Күндіз ауа температурасы +23...+28 градусқа дейін төмендейді, ал батыс пен солтүстікте +20 градус шамасында болады. Желдің екпіні кей уақытта секундына 23 метрге дейін жетуі ықтимал.

18-19 шілдеде салқын ауа райы сақталады. Күндіз ауа температурасы +18...+23 градус болады. Жаңбыр мен найзағай жалғасып, облыстың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-25 метрге дейін күшейеді.

20 шілдеде ауа райы біршама тұрақтанып, күндізгі ауа температурасы +20...+25 градусқа дейін көтеріледі. Алайда облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай сақталады.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы аптада өңір тұрғындарына аптап ыстықтан кейін ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстану ұсынылады.