Павлодар облысында ардагерлер кеңесінің төрағасы ауысты
Облыстық Достық үйінде өткен IX есеп беру-сайлау конференциясына аудандық және қалалық ардагерлер ұйымдарының 130-дан астам өкілі жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға облыс әкімі мен еліміздің Ардагерлер орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Өзғанбаев қатысты.

– Бүгін осы залда өмірлік тәжірибесі мен даналығы, белсенді азаматтық ұстанымы өңірдің дамуына тірек болып отырған жандар жиналды, – деді Асайын Байханов. – Аға буынға қамқорлық көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл жұмыс ардагерлер ұйымдары мен атқарушы органдардың тығыз өзара іс-қимылы аясында жүйелі түрде жүргізілуде.
Облыс әкімі ардагерлер қозғалысының жастар тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Оқушылар мен студенттермен кездесулер, ерлік сабақтары тарихи жадыны сақтауға және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, аға буынға ерекше миссия жүктелген – жастарға бағыт-бағдар беріп, негізгі құндылықтарды жеткізу, – деді аймақ басшысы.
Конференция барысында ардагерлер қозғалысының белсенді мүшелері марапатталды. «Облыс алдындағы еңбегі үшін» белгісімен Тереңкөл ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Сәуле Ахметова, Ақтоғай ауданының төрағасы Байтілек Арынов және «Қазақстан алюминийі» АҚ өкілі Ғизат Бижанов марапатталды. Облыс әкімінің Құрмет грамоталары Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақтыгүл Абылқайыроваға, Павлодардағы мемлекеттік мекемелер еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі Тамара Синельниковаға табысталды. Алғыс хаттар Алмагүл Асылбековаға, Надежда Загорулькоға және Татьяна Бондареваға берілді.

Павлодарлық ардагерлер Орталық ардагерлер кеңесінің марапаттарына да ие болды. «Құрметті ардагер» белгісімен Щербақты ауданынан Светлана Шпехт, Баянауыл ауданынан Қайрат Сарбасов, Ертіс ауданынан Бауыржан Нұрғазинов марапатталды. Сонымен қатар Евгеньев ауылдық округі, Екібастұз қаласының Теміржол округі және Павлодар қаласының №7 шағынауданының бастауыш ұйымдары дипломдармен атап өтілді.
Республикалық ардагерлер ұйымының Құрмет грамоталары Успен ауданындағы Қынырозек ауылдық округінің төрайымы Галина Гончароваға және Павлодар ауданындағы Чернорецк ауылдық округінің төрайымы Үміт Төлеубаеваға табысталды. Алғыс хаттар Павлодар қаласы әкімдігі аппаратының бастауыш ұйымының төрайымы Нәсіп Нәжікенова мен Ақсу қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Хохловаға берілді.
Конференция күн тәртібінде облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыру мәселесі қаралды. Облыстық ұйымды 15 жыл басқарған Рымтай Шөкейұлы денсаулығына байланысты қызметінен босатуды сұрады.
Аймақ басшысы Рымтай Шөкейұлына көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның Павлодар облысында ғана емес, республика деңгейінде ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Жаңа төраға лауазымына Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кенесбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Асайын Байханов оған қол жеткізілген нәтижелерді сақтап, кеңестің әрі қарай тиімді дамуын қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Мемлекеттік органдар ардагерлер кеңестерін қолдауды жалғастыратынын атап өтті.
Конференция соңында қатысушылар елдегі ардагерлер ұйымдарының XI съезіне қатысатын өкілдерді сайлады.