Павлодар облысында «Асық ату» ұлттық спорт түріне кіреді
Бұл туралы облыстық мәслихат депутаты «Instagram» парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Jana qadam» мейірімді адамдар қауымдастығының негізін қалаушы, «ADAMDAR/ЛЮДИ» жобасының авторы, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының мүшесі Саят Елгонденов облыстық мәслихаттың жастар ісі және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында «Асық ату» федерациясын ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіретінін жариялады.
– Алайда тұрақты және толық қаржыландыру жүргізілмейді. Бұл дегеніміз – ұлттық құндылығымызды дәріптеуге кедергі болып келеді. Асық атуды көне ойын түрінен кәсіби спорт деңгейіне көтеруге ат салысуымыз қажет, – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаныңда ұлттық спорт түріміздің дәрежесін көтеру мақсатында асық ату ойының мектеп бағдарламасына қосымша пән ретінде немесе үйірме ретінде енгізуге болады.
– Мысал ретінде өңіріміздің әрбір мектебінде «Шахмат» үйірмесі, ол үшін арнайы кабинет те қарастырылған. Бұл бағытта жұмыс істесек, нұр үстіне нұр болады, – дейді Саят Елгонденов.
Сонымен қатар, ол асық ату ойынын «ArtSport», «Damu Bala» платформаларындағы спорт түрлері қатарына енгізу арқылы қаржыландыруды ұсынды.